Қазақстан МАГАТЭ Бас конференциясының жұмысына қатысуда

None
ВЕНА. ҚазАқпарат - Венада Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) Бас конференциясының 66-сессиясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

МАГАТЭ-ге мүше 175 мемлекеттің қатысуымен Бас конференцияның 66-сессиясы 26-30 қыркүйек аралығында өтеді.

Бір апта ішінде делегаттар бірқатар тақырыптарды, соның ішінде ядролық және физикалық қауіпсіздік, МАГАТЭ кепілдіктерінің тиімділігі мен пәрменділігін арттыру және басқа да мәселелерді талқылайды.

27 қыркүйекте пленарлық сессияда Қазақстан делегациясының басшысы – ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасайтыны күтілуде. Делегация құрамында ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдері бар.

Конференция барысында қазақстандық делегация АҚШ, Франция, Үндістан, Еуропалық комиссия өкілдерімен, сондай-ақ АЭХА бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен және МАГАТЭ құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді.

Еске салайық, Бас конференция атом бағыты саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылау алаңы болып табылады.


Соңғы жаңалықтар