Қазақстан əлемге додаларда атой салып жүрген спортшыларымен танылып келеді - Ақтоты Райымқұлова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Спорт күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде атаулы мереке 2003 жылы 15 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сəйкес тамыз айының үшінші жексенбісі болып бекітілген болатын.
Дана халқымыз ежелден денсаулықты бірінші байлыққа балап, қадірін жете түсінген. Ел азаматтарының дені сау, ойы сергек болуы үшін бұқаралық спортты дамытып, насихаттау біздің кезек күттірмес мақсатымыз деп білемін. Салауатты өмір салты əр адамның күнделікті өмірінің негізгі бір бөлшегіне айналса, денсаулық сақтау саласына тың серпін болмақ», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, спорт - ел абыройын асқақтататын, ұлтты ұйыстыратын ғаламат құбылыс.

«Бүгінде Қазақстан əлемдік қауымдастыққа дүбірлі додаларда атой салып жүрген спортшыларымен танылып келеді. Алдағы уақытта да жүйелі жұмыс пен қыруар шаруа жемісін беріп, атлеттеріміз биік белестерді бағындыра берсін.
Бүгінгі мереке қарсаңында осы көлемді жұмысты жеңілдетуге атсалысып келе жатқан спорт журналистеріне жəне өзге де мамандарға алғыс айтамын.
Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар