Қазақстан LADA көліктерін Түрікменстанға жеткізуді бастады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстан LADA көлігін ресми түрде Түрікменстанға жеткізуін бастады. Автомобильдердің бірінші партиясының жіберілуін «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы іске асырды.

Бұрын хабарланғандай, 2015 жылдың қазан айында қазақстандық холдинг «АВТОВАЗ» ААҚ-мен Орталық Азия аймағының елдеріндегі нарықтардағы бірлескен қызметі туралы келісімге қол қойған. Топқа LADA көліктерін Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінде дистрибуция, бөлшек сату және сатудан кейін қызмет көрсету құқығы берілген.

«БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкиннің айтуынша, «өткен жылы біз серіктесіміз «АВТОВАЗ» ААҚ-мен Орталық Азия аймағы және Моңғолия елдерінің нарықтарын бірлесіп игеру туралы келіскенбіз. Қазіргі кезде LADA автомобильдерінің бірінші партиясы Түрікменстанға сәтті жеткізілген. Бұл холдингіміздің алдында тұрған көлемді міндетті шешудің бірінші қадамы».

Компанияда холдингтің бүгінде Орталық Азия нарықтарын белсенді зерттеумен айналысып жүргені, жұмыс топтары құрылып, аталған елдерге сапарлар ұйымдастырылып отырғанын хабарлады. «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» компаниялар тобының алдында Қазақстан мен Ресей аумағындағы филиалдық желіні дамытудың қазіргі тәжірибесіне сүйене отырып, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанда одан кем түспейтін жоғары кластағы заманауи ритейлді ұйымдастыру міндеті тұр.

«БИПЭК АВТО» компаниясының Ақтаудағы филиалының директоры Асқар Бұланбаевтың ақпаратынша, автомобильдердің бірінші партиясы «БИПЭК АВТО»-ның Ақтаудағы филиалынан Түрікменстанның оңтүстігіне, Мары қаласына жіберілген, көліктер онда өз сатып алушыларын тауып үлгерді. Шетелдік серіктес автомобильдердің келесі партиясын сатып алуға қызығушылық танытты.

Соңғы жаңалықтар