Қазақстан қызылшаға қарсы 2,5 млн вакцина сатып алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан қызылшаға қарсы 2,5 млн вакцина сатып алады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке орай, биыл объективті тұрғыда қызылшаға қатысты күрделі жайт болып тұр. Біз мұнан сабақ алып, барлық өңірлерде халықпен жұмысты жандандырдық. Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің аумақтық департаменттері мен Денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлеріне ризашылығымды білдіргім келеді. Халық арасында түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді министр.

Оның айтуынша, қызылша штамы шетелден келген. Бұған қоса, вирустың өршуіне науқастанған балалардың басым бөлігінің алды ала екпе алмауы себеп болған. Сондықтан министрлік қызылшаға қарсы вакцина жасау жұмыстарын күшейтуді қолға алмақ. Ол үшін алдағы уақытта еліміз қызылшаға қарсы 2,5 миллион вакцина сатып алады.

«Қазір қорымызда жеткілікті вакцина бар, қызылша өршіген жерлерде екпе жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен, осы жылы дәрі-дәрмек сатып алудан үнемделген қаржы есебінен 2,5 миллион дәрі мөлшерін халықаралық ұйымдардан тікелей сатып аламыз. Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр», - деді Е.Біртанов.

Соңғы жаңалықтар