Қазақстан Қытайға 1 млрд доллардың агроөнімін экспорттауға ниетті

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қытай нарығына миллиард доллардың ауыл шаруашылығы өнімін шығара алады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы үшін Қытай нарығы толықтай ашық деуге болады. Егер біз бүгінде шамамен 150 млн доллардың өнімдерін жеткізетін болсақ, мүмкіншілігіміз миллиард долларға жетеді. Өздеріңізде білесіздер, Қытай өз нарығына жайдан жай жібере бермейді. Бұл нарық толықтай квоталанады», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы Қытай нарығына жылына 1  млрд доллардың тауарын экспорттауға мүмкіншілігі бар. Ал бұл еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына да өз септігін тигізеді.

«2022 жылға қарай оны 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Бұған қол жеткізуге болады»,-  деді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталды.

«2016 жылы бізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 23 жоба болды. Өткен жылы 400 млрд теңгенің 194 жобасы  болған еді. Ал 2018 жылы 1,5 трлн теңгенің 500 жобасын іске қосуға тырысатын боламыз. Мұның барлығы соңғы нәтижеде экономиканы әртараптандыруға алып келетіндігі сөзсіз», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар