Қазақстан Қытайдағы коронавирусқа байланысты шекарада бақылау шараларын күшейтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Қытайдың Ухань қаласында жаңа коронавирустық инфекция пайда болды. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми ақпараты бойынша, жаңа коронавирустық инфекцияның 41 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 7 адам ауыр жағдайда болып, 2-уі қайтыс болған. Біздің ұлттық үйлестірушілер ДДСҰ-мен байланыс жасап отыр. Ухань қаласының муниципалдық басқарма сайтында жаңа коронавирусты инфекцияның 198 жағдайы тіркелгені, оның ішінде 25 науқас емделіп, 3-еуі қайтыс болғаны туралы жазылған», - дейді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, ол Таиланд, Жапония, Қытайдың Хубэй провинциясында осындай жағдай біреуден тіркелгенін айтты.

«Гонконгта да жаңа коронавирусқа күдікті алты жағдай тіркелді, бірақ расталған жоқ. Біз бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Шекарадан өту орындарында бақылауды күшейттік. Халықаралық әуежайларда қашықтық термометрия жасап жатырмыз. Қазіргі таңда 13 мыңнан астам жолаушы қашықтық термометриядан өтті. Оның ішінде экипаж мүшелері де бар», - дейді ол.

Қытайдың бес қаласына Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан рейстер бар.

«Алматыға арнайы теміржолмен келетін жолаушылар да бақылауға алынды. Бортсеріктер мен жолсеріктермен жұмыс істеп, тренинг өткізіп жатырмыз, себебі қандайда бір жағдай болса бізге хабарлайтын солар», - дейді Жандарбек Бекшин.


Соңғы жаңалықтар