Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пунктінен бюджетке түсетін пайда 5,5 есеге артқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пункті іске қосылғаннан бастап бюджетке түскен төлемдер 5,5 есеге артты. Мұндай деректерді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан-Қытай шекарасында мемлекет пен жеке әріптестік механизмі арқылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан жаңа «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті 2018 жылы пайдалануға берілді. Өткізу пункті Орта Азиядағы ең ірі және технологиялық жағынан озық болып табылады. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 69 млрд теңге болды.

Пункт жұмыс күні 2,5 мың көлік құралын және 15 мың жеке тұлғаны өткізуге қауқарлы. Өткізу пункті жұмыс істеген 2018 жылғы қазаннан 2022 жылғы қазанға дейінгі аралықта ол арқылы 209 432 көлік құралы өтті. 223 356 млн теңгеден астам кедендік баж бен салық түсті. «Нұр Жолы» өткізу пункті іске қосылғаннан бастап бюджетке түскен төлемдер 5,5 есеге артты», - деп мәлім етті Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.

Бақытжан Слямовтың мәлімдеуінше, ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда, «Нұр Жолы» бекетіндегі көлік ағыны 1,6 есе өсіп, одан түскен пайда 546,6 пайызға артқан.

Сонымен қатар, ол жөндеуден кейін қайта ашылған қазақ-өзбек шекарасындағы «Б. Қонысбаев» пунктінің өткізу әлеуеті де өскенін атап өтті.

Фото: ktze-commerce.kz


Соңғы жаңалықтар