Қазақстан-Қытай шекарасынан экологиялық стандартқа сай жүк көліктері ғана өткізіледі – фейк

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк көліктері кептелісінің себебіне байланысты жалған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде «2023 жылдың 27 ақпанынан бастап жаңа заңға сәйкес ҚР ИИДМ Көлік комитеті аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері Қазақстан-Қытай шекарасының өткізу пунктерінен тек Еуро-5 және Еуро-6 экологиялық стандартына сай келетін жүк автокөліктерін ғана өткізіп жатыр» деген жалған ақпарат таратыла бастады. Бұл мәлімет толығымен шындыққа жанаспайтындықтан, сондай-ақ қоғамда жаңсақ пікір қалыптастыру мүмкін екенін ескеріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі келесіні хабарлайды:

1. Халықаралық жүк автотасымалына рұқсат карталарын алу үшін Еуро-6 экологиялық сертификатының қажеті жоқ және ешқашан қажеттілігі болмаған;

2. Еуро-5 стандарты бойынша отандық немесе шетелдік автокөлік құралдарына халықаралық жүк автотасымалына рұқсат беруді шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылмаған. Демек, Қазақстан-Қытай шекарасынан өтер кезде жүк көліктерінен экологиялық қауіпсіздік санатын дәлеледеуге байланысты қандай да бір құжаттар талап етілмейді;

Халықаралық жүк автотасымалы Қазақстанның және шет мемлекеттердің үкіметтері арасында жасалған келісімдердің негізінде жүзеге асырылады. Соған сәйкес автокөлік құралдарының тараптар аумақтары бойынша қозғалысы уәкілетті органдардың мақұлдауымен және рұқсат бланкісінің негізінде іске асырылатынын ескерген жөн. ҚХР-мен арадағы келісімге сәйкес «С» түріндегі бланк қолданылады.

Рұқсат беру ережелеріне сәйкес автокөлік құралдарына тек экологиялық қауіпсіздік санатын ғана (Еуро 0-ден 5-ке дейін) растау қажет. Бұл сертификатты ҚР-дағы ресми диллерлерден алуға болады.

3. Ал, автокөліктің экологиялық қауіпсіздік санаты өндіруші зауытпен немесе тасымалдаушының орналасу жеріне байланысты сол елдегі өндірушінің ресми өкілімен (дилер, дистрибьютор) расталады. Қазір Қазақстанда жүк тасымалдаушы ұйымдардың техникалық паркіндегі негізгі маркілер өкілдіктерінің (Daf – Алматы, Орал және Шымкент қаласында, Man – 15 қаладасервистік қызметі бар, Iveko – Астана менАлматыда, сондай-ақ Volvo, Mercedes, Scania жәнеRenault – Алматы қаласында) қызметі жолға қойылған. Аталған құжатсыз жүрген тасымалдаушыларға диллерлік орталықтарға барып, экологиялық қауіпсіздік санатын растау мүмкіндігі қарастырылған.

Халықаралық бағытта жүк тасымалын адал орындап жүрген тасымалдаушы компанияларға аталған құжаттарды ұсыну артық жүктеме түсірмейді. Өйткені, бұл құжаттарды халықаралық жүк тасымалдаушылар тұрақты негізде қолданып келеді.

Айта кетсек, Қытайда коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер алынып тасталғаннан кейін Қазақстан-Қытай шекарасында халықаралық жүк автотасымалын іске асыратын көліктер тұрақтап қалған болатын. Осыған байланысты 13 наурызда Үкімет кеңесінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов уәкілетті органдарға барлық әкімшілік кедергіні жойып, Қытаймен шекарадағы өткізу пунктерінде экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бұл жұмыстың нәтижесінде 14-17 наурыз аралығында Қытайдан елімізге жүктерді өткізу 3 есеге өсіп, тәулігіне 500-ден артық жүк көлігіне жол ашылды. Ал, Қазақстаннан Қытайға өту 2 есе артып, көліктерді өткізуге байланысты тәуліктік көрсеткіш орта есеппен 200-ге жетті.

Бұған дейін хабарланғанындай, Қытайдан Қазақстанға жүктерді өткізу 40% өсті.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2023-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылаған отырыста «Қытаймен шекарадағы жағдай - елдегі бағаға тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі» деп ой бөліскен еді.

Соңғы жаңалықтар