Қазақстан-Қытай газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстігіне берілетін газ бес млрд. текше метрге артады

None
None
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат -Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2007 жылғы 18 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы

Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Құжаттың негізгі мақсаты - Қазақстан-Қытай газ құбырының бірінші учаскесінің қуатын Қытайға түркімен және өзбек газын транзиттеу, пайдалануға берілген «А» және «В» желілерімен бірге бірыңғай дәлізде үшінші «С» желісін салу жолымен ұлғайту мақсатында 2007 жылдың 18 тамызындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады. Бұл ретте үшінші «С» желісін салуға республикалық бюджет қаражаты тартылмайды, оған Қытай тарапының инвестициялары жұмсалатын болады.

Хаттамаға сәйкес, Түркіменстаннан және Өзбекстаннан шығатын газ Қазақстанның оңтүстік облыстарында ішкі тұтыну үшін газ құбырының бірінші учаскесінің «С» желісі арқылы берілуі мүмкін. Бұл ретте Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Қазақстан тарапы үшін ішкі пайдалануға газды бес млрд. текше метрге ұлғайтылады.

Газ құбырын сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында тараптар ондағы төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарды үйлестірудің екіжақты немесе көпжақты тетігін жасайды. Қазақстанның оңтүстік облыстарында екінші учаске бойынша берілетін газдың жетіспеушілігіне алып келген төтенше және алдын алуға болмайтын жағдайлар орын алғанда Қазақстанның уәкілетті ұйымы келісілген жоспарға сәйкес бірінші учаскенің «С» желісі бойынша тасымалданатын транзиттік газды шұғыл іріктеуді жүзеге асыруға, ал қажет болған жағдайда «А» және «В» желілері бойынша жүргізуге құқылы.

Соңғы жаңалықтар