Қазақстан-Қытай: Белдеулер өңірдегі бірыңғай дамуды ілгерілетеді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Адамзат дамуы, өркениет тарихындағы елеулі орын алатын кезеңнің бірі Ұлы Жібек жолымен де тікелей байланысты. Орта ғасырдағы керуен жолдары арқылы жөңкіген сауда қатынастары Еуразия кеңістігінің экономикасын ғана дамытқан жоқ, мұндай байланыстар мәдениет алмасуды жандандырып, ақпарат пен дәстүрді жақындатып, өркениетті өрістетті. Қытайдан басталған осынау дамылсыз керуен жолдарының ұзақ бөлігі сол заманда Қазақстан мен Орталық Азияны басып өткен болатын.

«Әлемдік даму Азияға қарай ойысты» делінетін сарапшылар болжамының қаулай түскен бүгінгі заманында Жібек жолын жаңғырту мәселесі көтерілді. Осылайша, бір кездері саудада маңызды рөл атқарып, басқа салаларды қоса ілгерілеткен Жібек жолын қайта жаңғыртуға қатысты мәселе ХХІ ғасырда қайта туындады. Бұл «жол» дүние экономикасының дамуына, Қазақстан мен Орталық Азияға қандай жақсылық әкеледі?

Айта кетерлігі, қай заманда да болмасын экономика ең бірінші кезекте ақпаратқа, тың өнімдер мен тәжірибе алмасуға тығыз байланысты болатын. Ал бүгінгідей ақпарат ғасырында жаңа технологиялар, білім мен тәжірибелер бұрынғыдан да өзекті сала бола бастады. Жедел даму жолына түскендер ең бірінші кезекте интеграцияға, технология алмасуға, жетістіктерімен бөлісіп, білімді бөлісуге де біршама мұқтаж. Сонымен қатар, тұрлаулы даму үшін тұрақтылық керек, ал тұрақтылыққа өңірдегі барша мемлекеттермен бірдей жұмыла мүдделі болғанда ғана нәтиже көңілдегідей шығатыны анық.

Расында, Азия аймағының соңғы онжылдықта дамуы дәл осы Азия өңірінің өз ішінде тығыз байланыстың керектігін, сондай-ақ, Азияның Еуропа және АҚШ-пен ынтымақтастығының қажет екенін көрсете түскені белгілі. Осы тұрғыда әлем елдері үшін Қытай басшысының «Бір белдеу - бір жол» бастамасы да үлкен маңызға ие болған еді. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылдың қыркүйек айында Астанада Назарбаев Университетінде оқыған дәрісінде ұсынған «Бір белдеу - бір жол» идеясы сол кезде-ақ Қазақстаннан қолдау тапқаны да маңызды.

Жалпылама алғанда, «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасы - барлық мүдделерге сай кеңес беру арқылы бірігіп жасалуы керек жүйелі жоба. Мәселен, жоба аясында елдерде ресурстардың өз артықшылығы болып, олардың экономикасы бір-бірін толықтырады. Осылайша, ынтымақтастық үшін үлкен әлеует қалыптаспақ. Ал жобаға қатысушы елдер негізгі бес міндет ретінде саясатты үйлестіруге, байланысқа, кедергісіз саудаға, қаржы интеграциясы мен халықтар арасындағы қатынастарға жәрдемдесуі керек.

Тұтастай алғанда, «Бір белдеу, бір жол» секілді халықаралық жобаны іске асыруда Қазақстан Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді әріптесі болып табылады. Бұндай маңыздылықты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап, Бейжіңдегі халықаралық форумда қуаттағаны белгілі. Онда Нұрсұлтан Назарбаев «бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде көптеген елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналатынын жеткізген еді. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажеттігін, сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық деңгейде жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік беретінін айтты. Түйіндей алсақ, XXI ғасырдың ең ірі жобаларының біріне саналатын, Жер шары халқының төрттен үшін біріктіретін «Бір белдеу - бір жол» жаңа экономикалық ахуал аясында өңір мемлекеттерінің бірлесе дамуын көздейді. Ал тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белгілі бір дәрежеде жаңаша бағыттағы ұмтылыстармен байланыстыруға болады. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» - «Болашаққа бастар жол» экономикалық жобасын ерекше атап өту керек. Бағдарламаның мақсаты - жаңа экономикалық ахуалға байланысты Қазақстан экономикасын жаңғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономика бағыттарына бейімдеу болған еді. Соның ішінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытып, оны жаңа экономикалық ахуалға бейімдеудің маңызы үлкен.

Осы тұрғыдан айта кетерлігі, «Бір белдеу - бір жол» халықаралық жобасы аясында Қазақстан мен Қытайды сегіз транзиттік теміржол қосады екен, әрі бұл да шекті мәселе емес. Ал осы сегіз теміржолдің жалпы тауар айналымы жылына 30 миллион доллардан асады. Мәселен, Қытайдың шығысында орналасқан теңіз жағалауындағы Ляньюньган логистикалық теңіз порты -  Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Бұл да сол «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасын ұштастырудың сәтті көрінісі. 2014 жылы іске қосылған осы терминалда өткен төрт жыл ішінде екі мемлекеттің арасындағы экспорт-импорт көлемі 8 миллион тонна жүктен асқан, ал контейнерлік сұрыптау 100 мың бірлікке жетсе, контейнерлік жүктерді әкелу мен алып кету 2,3 миллион тоннаны құрапты. Алдағы жоспарда бұл көрсеткішті бес миллион тоннаға, ал контейнерлер көрсеткішін 23 миллион бірлікке жеткізу көзделген.

Айта кетерлігі, Ляньюньган портынан алдағы уақытта қазақстандық астық үшін тағы бір терминал ашылатыны туралы әңгіме бар. Ляньюньган портының транзиттік тарихы 1992 жылдан бастау алатынын, оның бастапқы жүк пункттері Оңтүстік Шығыс Азияға, Жапония мен Оңтүстік Кореяға және Қытайдың өзінің оңтүстік өңірлеріне арналғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, Ляньюньганнан Қорғас, Шымкент, Ақтау, одан әрі теңіз жолымен Баку, ал одан грузиялық Поти портына дейін пилотты контейнер-пойыз шыққаны да белгілі. Жүктердің жолға кететін уақыты 12 күнді құраған, бұл теңізді айналып өтетін 45 күнге қарағанда әжептәуір қысқа уақыт.

Транзит демекші, жақында ғана Амстердамда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Нидерландыдан Қытайға алғашқы пойызы аттанған болатын. Осылайша, голландиялық Nunner Logistics көліктік-логистикалық компаниясына тиесілі тауарлар Қазақстан арқылы 16 күнде 11 мың шақырым қашықтықты артқа тастап, Қытайдың шығысындағы Иву қаласына жүк жеткізіледі. Алдағы уақытта Амстердам апта сайын Иву қаласына 3 пойыз жіберуді жоспарлаған. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай Еуропадан Қытайға аттанатын пойыздар саны бес мыңға жетпек екен. Міне, осындай мысалдарды алға тарта берсек, «Бір белдеу - бір жол» жобасы мен «Нұрлы жол» бағдарламаларының өзара тиімділігі анық білінеді. Қытай бастамасы бүтіндей бір өңірге саудалық серпін берсе, Қазақстан өзінің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытып, трансқұрлықтық қатынаста негізгі буынға айналмақ. Бұл айналып келгенде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылдарға арналған көреген саясатының өзегіне айналатыны сөзсіз.

Авторы: Жанкелді Қаржан  

Журналист, Ақтау қаласынан. 

Соңғы жаңалықтар