Қазақстан Қырғызстанмен тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Қырғызстанмен тауар айналым көлемін 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қырғыз Республикасыныңелшісі Дастан Дюшекеевпен кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөз барысында тараптар сауда және инвестициялар, транзит және көлік, сондай-ақ су-энергетикалық теңгерім салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов бауырлас екі ел арасындағы 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынас кезінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара түсіністік қалыптасқанын атап өтті.

Өзара сауда мәселесін талқылай отырып, ҚР Премьер-Министрі тауар номенклатурасын кеңейту қажеттігі туралы пікір білдірді. Сауда-экономика саласындағы негізгі жетістік өзара сауда көлемінің ұлғаюы және белгіленген 1 млрд долларға қол жеткізу болды. Жаңа міндет — тауар айналымының көлемін 2 млрд долларға жеткізу.

«Бізде сауданы ұлғайту әлеуеті бар 190 тауар позициясы бойынша ұсыныс бар. Бізге «Қарасу-Ақтілек» өткізу бекеті маңында индустриялық сауда-логистикалықкешендер құру жобасын іске асыруды жеделдету қажет», — деді Ә. Смайылов.

Су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылға қатысты ҚР Министрлер кабинетінің басшысы бұл саладағы мәселелер жүйелі түрде шешіліп жатқанын атап өтті.

Д. Дюшекеев өз кезегінде Қырғызстан тарапының Қазақстаннан тікелей инвестициялар тартуға мүдделі екенін жеткізді.

«Біз инвестициялық және сауда саясатын жетілдіру жолында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бизнес жүргізу және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр», — деді Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі.

Сондай-ақ Д. Дюшекеев ортақ мүдделерді қанағаттандыру аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс айтты. Мұндай шешімнің мақсаты – сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің бұзылуының сын-тегеуріндерін төмендету үшін біріккен саясатты әзірлеу.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық қозғалған мәселе бойынша ымыраға келуге дайын екендіктерін білдірді.



Соңғы жаңалықтар