Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатында Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім ратификацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған еді.

«Келісімге 2021 жылғы 7 желтоқсанда Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасымен Қырғызстан тарапынан әскери-техникалық көмек көрсету туралы сұрауын іске асыру мақсатында қол қойылды. Келісім бойынша әскери мүлік бір мәрте беріледі. Оның атауы мен көлемі дипломатиялық арна арқылы келісілді. Қазақстан тарапы мүлікті Қырғызстанның Қойташ елдімекеніне дейін автокөлікпен жеткізеді. Шығынды өзі көтереді. Қырғызстан тарапы алған мүлікті тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдалана алады, үшінші тарапқа бермейді. ТМД қатысушы мемлекеттерге қарсы қолданбайды. Орталық Азияға іргелес аумақта шиеленіс болғанда, өңірлік қауіпсіздікке сын-қатер төнген жағдайда әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан қарулы күштерінің оған тойбарыс беруіне, Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Сенат отырысында.

Оның айтуынша, әскери мүлік тізімі анықталды, ол дипломатиялық арна арқылы келісілді.

Оның ішінде қару-жарақ, оқ-дәрі, бақылау және барлау жабдықтары бар.

«Қазіргі уақытта әскери-техникалық көмектен басқа жауынгерлік даярлық пен кадр даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін Қырғызстанның 300-ден астам әскери қызметшілері Қазақстанда білім алған. Қазір 25 әскери қызметшілер – 2 офицер және 23 курсант оқудан өтіп жатыр. Оған қоса, екіжақты және көпжақты, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ оқу-жаттығулары мен басқа да шаралар өткізіледі», - деді С. Қамалетдинов.

Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов ҰҚШҰ жауапкершілік аймағына шекаралас Ауғанстандағы саяси ахуалдың шиеленісуіне, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-тегеурін мен қатерлердің өсуіне байланысты Орталық Азияның қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету көзделгенін айтты.

«Әскери-техникңалық көмек Қырғызстанның қарулы күштерінің осы қатерлерге тойтарыс берудегі әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Қырғызстанның Қазақстанның қауіпсіздігі үшін ерекше геосаяси мәртебесін, ортақ шекарасын, бауырлас екі мемлекет арасындағы достық қатынастарын ескере отырып, заң жобасын қабылдау – еліміздің ұлттық және халықаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негіздігілі мен өзектілігіне ықпал етеді», - деді Нұржан Нұрсипатов.


Соңғы жаңалықтар