Қазақстан–Қырғызстан сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуге келістік – Қасым-Жомарт Тоқаев
2022 жылғы 26 мамыр 15:02

Қазақстан–Қырғызстан сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуге келістік – Қасым-Жомарт Тоқаев

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінен кейін өткен брифингі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 млрд долларға жеткізуге келістік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды.

Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды.

Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT