Қазақстан қылмыскерлерді экстрадициялауға қатысты бірқатар мемлекеттермен шарт жасауды жоспарлайды - И. Меркель

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Аталған келісімге былтырғы жылы 14 қарашада қол қойылған. Құжатты ратификациялау елдер аумағында қылмыс жасаған тұлғаларды тараптардың өзара экстрадициялауына мүмкіндік тудырады.

«Келісім бойынша Қазақстанда қылмыс жасап, Румынияда жасырынып жүрген тұлғаларды ұстап беруді талап ете алатын боламыз. Құжаттың шарттарына сәйкес, екі елде де қылмыс деп танылатын қылмыстық әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін және сол қылмысы үшін бір жылдан кем болмайтын жазалар қарастырылатын тұлғаларды ұстап беру жүзеге асатын болады. Егер сұрау салынатын тұлға сотталған болса, онда оны экстрадициялау үшін жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына алты ай шамасында мерзім қалған болуы керек. Сонымен қатар, шарт бойынша ұстап беруден бас тарту жағдайлары да айқындалып отыр. Мәселен, егер сұрау салынған адамға саяси баспана берілген болса, ол экстрадицияланбайды», деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.

Оның айтуынша, Қазақстан дәл осындай қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді бұған дейін 12 мемлекетпен жасаған. Атап айтқанда, олардың арасында Қытай, Корея, Моңғолия, Түркия, Араб Әмірліктері, Үндістен секілді мемлекеттер бар.

«Алдағы перспективада Қазақстан қылмыскерлерді ұстап беру туралы Пәкістан, Вьетнам, Малайзия, Бразилия, Сауд Арабиясы секілді бірқатар мемлекеттермен шарт жасасуды жоспарлайды», деді И. Меркель.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар