Қазақстан құтқарушылары Түркияда үйінді астынан 7 адамды аман алып шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою, іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстан құтқарушылары іздестіру-құтқару операциясын жалғастыруда. Түркияның Газиантеп және Нұрдағы қаласында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды аман алып шықты. Сонымен қатар 14 мәйіт табылып, шығарылды. Қазір инженерлік жұмыстар жүріп жатыр. Жер сілкінісінен қираған көпқабатты үйлердің үстіңгі бөлігін аршып тазарту жұмысы жалғасуда. Іздеу жұмыстары үйретілген иттердің көмегімен жүзеге асырылуда», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, құтқарушыларға қажетті жағдай жасалған.

Соңғы деректер бойынша Түркияда жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 18 мыңнан асты.

Бұған дейін Түркияда Қазақстан құтқарушылары адамдарды өз денесімен қалқалап үйінді астынан шығарғаны туралы хабарлаған едік.


Видеодан алынған кадр
Соңғы жаңалықтар