Қазақстан құс етінің импортынан арылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер импортынан арылуы керек. Бұл туралы Мәжілісте 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбына арналған Үкімет сағатында  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы бізге үлкен міндет жүктеп отыр, ол - еңбек өнімділігін және өнім экспортын 2,5 есеге арттыру. Бұл міндетті шешу мүлдем жаңа көзқарасты қажет етеді. Өйткені экспортты арттыру үшін бірінші өнім өндіру керек, содан соң оны өткізетін жер табу керек. Қазірдің өзінде негізгі 30 азық-түлік түрінің 25-і бойынша өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Енді артылғанын сатуымыз қажет. Сонымен қатар, құс еті, ірімшік, балық және шұжық өнімдері бойынша әлі де импортқа тәуелдіміз. Міне біз осы мәселелерге талдау жасадық. Еліміздің ет өнімдері бойынша, оның ішінде сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық потенциалы жоғары. Осы өнім түрлеріне қолдау көрсетсек, экспорттан түсетін пайда 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін (сиыр еті мен қойы еті өндірісі 600 мың тоннадан 1,6 млн  тоннаға дейін ұлғаяды) жетуі мүмкін. Қазақстанда ет саласын дамыту үшін мүмкіндік мол, бізде жайылым да, суармалы жерлер де, жұмыс күші де жеткілікті», - деп тоқталды Ө.Шөкеев.

Осы орайда ол Азия мен Таяу Шығыс елдерінде (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам) сиыр еті мен қозы етіне сұраныс жоғары екенін, Қазақстан осы өнімдерді жеткізе алатынын атап өтті. Ал екі көрші ел, яғни Ресей мен Қытай аталған өнімдерді ірі көлемде импорттайды.

«Сонымен қатар, сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек. Мұнда қосымша өнім өндіру потенциалымыз 1 млрд доллардан асуы мүмкін. Бұл тұрғыда құс еті 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн тоннаға дейін артады. Бұл өнімдердің өндірісі мен экспортын арттыру үшін оларды дамыту жолдарын қайта қарап, жеткілікті деңгейде қаржы бөлген жөн. Бұл сала өзін-өзі бірден ақтамайды, сондықтан шаралар мен қаржыны Мемлекеттік бағдарламаға қарағанда ұзақ мерзімге жоспарлау керек», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар