Қазақстан құрылыс материалдарының импортын 23 пайызға азайтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елде кіргізілетін құрылыс материалдарының импортын азайту жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда тұрғын және өндірістік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылымдарды салу кезінде негізгі материалдардың құрылыс өнімдеріне нарықтың сұранысы 934 млрд теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгеге құрылыс материалдарын өндірсе, 348 млрд теңгенің өнімі (37%) импортталады. Нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жаңа жоба іске асырылуда. Оның ішінде 8 жоба импорт алмастыруға бағытталады», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, ол жобаларды іске асыру нәтижесінде импорт үлесін 15 пайызға төмендетіп, тұрғын үй құрылысында отандық өнімдер қолданысын 90% пайызға арттыру жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта нысандарды салу кезінде құрылыс материалдарының 11 түрі жоғары сұранысқа ие. Олар: шыны, полиэтилен құбырлары, құрғақ құрылыс қоспалары, арматура, керамикалық тақтайша, жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық отқа төзімді кірпіштер, санфаянс, тұсқағаз, шатыр материалдары, лак-бояу бұйымдары. Әрине елде бұл құрылыс материалдарының көпшілігі өндіріледі. Бірақ нарықтың қажеттілігін толықтай жаба алмайды. Биыл біз құрылыс материалдарының 5 түрін, атап айтқанда шыны, полиэтилен құбырлары, құрғақ құрылыс қоспалары, арматура, керамикалық тақтайшаны өндіру бойынша импорт алмастыратын 8 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың өндіріс көлемі - 103 млрд теңге. Бұл жобалар ішкі нарықтағы импорт үлесін 15%-ға төмендетеді», - деді ол.

Сондай-ақ, жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық отқа төзімді кірпіш, санфаянс өндіретін жобаларды іске асыру көзделуде. Олардың өндіріс көлемі 61 млрд теңге болады. Бұл құрылыс материалдарының осы түрлері бойынша импорт үлесін 8% пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

«Осылайша құрылыс материалдарының негізгі түрлері бойынша жоспарланған барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде импортты 23%-ға азайтамыз», - дейді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар