Қазақстан құрамасынан тағы бір боксшы жартылай финалға жолдама алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы, иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Ишайшпен шеберлік байқасты.

Өткен жылы Иордания астанасы Амманда өткен Азия біріншілігінің жартылай финалында Нұрбек дәл осы боксшыға жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді.

Бұл жолы алғашқы екі раунда бес төреші түгелдей басымдықты қазақстандық боксшыға берді. Қорытынды есеп – 5:0, Нұрбектің пайдасында.

Осылайша, Нұрбек иорданиялық боксшыдан қарымта қайырып, жартылай финалға жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытай құрамасындағы қазақ боксшысының әлем чемпионатында қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Дулат Бекбауов ширек финалға өтті. Ал Нұрқанат Райыс пен Серік Теміржанов ширек финалға шыға алмады.

Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді.


Соңғы жаңалықтар