Қазақстан құрамасы V Халықаралық армия ойындарында жалпыкомандалық есепте марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонының «Патриот» саябағында V Халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі мен жалпыкомандалық есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау шарасы өтті. Жарыс қорытындысында Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы үшінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

V Халықаралық армия ойындарының жабылу шарасына еліміздің әскери ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты. Ол шетелдік әріптестерімен кездесіп, әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан Қарулы күштері құрамасын 2019 жылғы армия ойындарында лайықты өнер көрсетулерімен құттықтады. Қазірдің өзінде ұйымдастырушылар, сарапшылар және қатысушылар бұл жолғы мерейтойлық ойындардың ең ауқымды болғандығын мойындап отыр. Биыл далалық, теңіз және әуе дағдылары бойынша 32 конкурстан тұратын жарысқа 39 елден 223 команда қатысты. Бұл рекордтық сан саналады. Бұған қоса, конкурс 10 елдегі 21 полигонда, Каспий, Балтық теңіздері және Парсы шығанағы айдындарында бір мезетте өткізілген болатын.

2019 жылғы армия ойындары бағдарламасындағы 3 конкурс Қазақстан жерінде өтті. Қазақстан аумағында миноатқыш есептоптарының – «Артиллериялық оқ ату шеберлері», ұшқышсыз ұшу құрылғыларының – «Сұңқар аңшылығы» және байланысшылар арасындағы – «Сенімді қабылдау» сайыстары болды .Аталған ойындардың бірі «Сенімді қабылдау» сайысында қазақстандық әскери байланысшылар нағыз жеңімпаз атанды, ал екінші орынды Ресей мен Қытай өзара бөлісті, үшінші орын – Беларусь елінің еншісінде. Ұшқышсыз ұшу құрылғылары есептоптарының арасындағы «Сұңқар салу» сайысында Қазақстан бірінші орын алды.

Команда қарсыластарын дайындық жылдамдығы мен ұшқышсыз ұшу құрылғыларының ұшу нәтижелерімен анықтады, бақылау нүктесінің бағытымен ұшып өтуде қазақстандықтар үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын Ресей мен Беларусь, үшінші орын – Иранның қанжығасына байланды.

Армия ойындарының ауқымды конкурстарының бірі – «Артиллерия атысының шеберлері» бойынша - алтын медаль Қазақстан әскери қызметшілерінің қоржынында, күміс жүлдеге ресейліктер лайық деп танылса, қола жүлде өзбек ағайындарға бұйырды. Рязаньда өткен «Авиадартс» байқауының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар үздік дайындықтарын көрсетті. Су-25 жойғышының, МИ-35 және Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары алғашқы орынды иеленсе, Су-30СМ жойғышының ұшқышы үшінші орынды еншіледі. Мәскеу облысында өткен «Адал дос» байқауында біздің кинологтар командалардың рейтингі жоғары өкілдерінің арасындағы жеке біріншілікке талас ойындарында бірінші орынды иеленді. «Танк биатлоны» конкурсында Қазақстан танкішілері үшінші орын алды.

Әскери жарыс жанкүйлерлері мен кез келген азамат конкурс барысын, ойындардың ашылу және жабылу салтанатын шынайы уақыт режімінде тамашалай алды. Онлайн-трансляция бірнеше интернет алаңда, сондай-ақ Қазақстанның спорт телеарнасының эфирінде көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар