Қазақстан құрамасы «Turan barysy» Азия кубогының жеңімпазы атанды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Қазақстан құрамасы Түркістан өткен «Turan barysy» Азия кубогының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Түркістан қаласында алғаш рет қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия кубогы өтті. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Мажарстан балуандары қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Балуандар екі топқа бөлініп, жеті салмақ санатында айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты.

Әзербайжан елінің өкілдерін қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал тартысқа толы күрес бәсекесінің ақтық айқасы Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары жеңіске жетіп, «Turan Barysy» додасының чемпионы атанды.

Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда 10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға — 6 000 000, үшінші орынға — 4 000 000 теңге табысталды. Сондай-ақ жеңімпаз командаларға кубок ретінде Түркістан символы – Тайқазан берілді.

Айта кетейік, іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ «Qazaq kuresi» қауымдастығының, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтті.




Соңғы жаңалықтар