Қазақстан құрамасы стенд атудан әлем кубогында медаль саны бойынша бірінші орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Стенд атудан Қазақстан құрамасы Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында жалпы медальдық есепте бірінші орында аяқтады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жарыстың соңғы күнінде мергендеріміз Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов «трап / микс» аралас жаттығуында алтын медаль жеңіп алды.

Осылайша, Қазақстан жалпы есепте екі алтын және бір күміс жүлдемен бірінші орынды иеленді. Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін «скит» жаттығуында алтын медальді Әсем Орынбай жеңіп алған болатын. Сондай-ақ ол Эдуард Ещенкомен бірге біздің құрамаға «скит / микс» жаттығуында күміс жүлде әкелді.

Бұл үлкен жетістік, отандастарымызды және, спортшыларымызды жарқын жеңіспен құттықтаймын. Алматыда 40-тан астам елден 350 мерген жарысты, біздің жігіттер мен қыздар үздік атанды. Қазақстан құрамасы биік шыңдарды бағындыруды жалғастыруда, мен оларға бұл нәтижемен тоқтап қалмай, жанкүйерлерді жаңа жеңістермен қуантуларын тілеймін.

Сондай-ақ Қазақстан спорттық атыс федерациясының президенті Берік Асыловты жеңіспен құттықтап, Әлем Кубогын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді»,-деп жазды министр.


Соңғы жаңалықтар