Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Әлем чемпионатын жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын Латвиямен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі кездесуде қазақстандық хоккейшілер сенімді ойын көрсетті. Бірінші кезеңде қос құрама бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде құрамалар бір-бір шайбадан соқты. Алдымен, 27-минутта латвиялық Лаурис Дарзиньш мергендік танытты. Оған 38-минутта қазақстандық Александр Шин бір шайбамен жауап берді.

Үшінші кезең қос құраманың алма-кезең шабуылымен өрбіді. Ойынның 45-минутында латвиялық Рихард Букартс өзінің мүмкіндігін толық пайдаланып, құрамасын алға шығарды. Небәрі 12 cекунд өткенде қазақстандық Джесси Блэкер тағы да таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте Қазақстан құрамасына сәттілік серік болды.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер биылғы дүбірлі додадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Бұл жеңістен кейін екі ұпай жинаған қазақстандық құрама турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Қазақстан мен Латвия құрамалары бұдан бұрын аталған турнирде жеті мәрте кездесті. Оның біреуінде ғана 2005 жылы аталған қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірген еді.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық хоккейшілер В тобында Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Норвегия, Италия және Латвия құрамаларымен шеберлік байқасады.

Аталған топта бүгін тағы бір кездесу өткізілді. Германия Норвегия құрамасын 5:1 есебімен жеңді.

Қазақстан құрамасы мұз айдынына енді 23 мамырда Финляндияға қарсы шығады. Финляндия хоккейшілері алғашқы кездесуінде АҚШ құрамасынан 2:1 есебімен басым түскен еді.

Алғашқы екі күнгі нәтижеден кейін 6 ұпаймен Германия көш бастап келеді.


Соңғы жаңалықтар