Қазақстан құрамасы сапында өзімді көрсететін уақыт келді – Тимофей Скатов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан теннис құрамасы 4-5 ақпан күндері Дэвис кубогінің іріктеу матчында Чили командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ла Серена қаласында өтетін матчта Қазақстан жеңімпаз атанса, Дэвис кубогі – командалық әлем чемпионаты финалдық кезеңіне төртінші рет жолдама алады.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Тимофей Скатов ел құрамасы сапында алғаш рет өнер көрсетпекші. Бір апта бұрын ол Чили құрамасы үздіктерінің бірі Алехандро Табиломен кездесіп, оны жеңген еді. Сондықтан бапкерлік штаб Т.Скатовтан үлкен үміт күтіп отыр.

«Не де болса, бәріне дайын болу қажет. Бәсеке ұзаққа созылып, өте тартысты өтіп, жүйкеге салмақ түсуі ықтимал. Оның үстіне біз сырт алаңда ойнаймыз. Жанкүйерлер өз теннисшілеріне қолдау көрсететіні анық. Дегенмен біз де мықтымыз, барымызды салатын боламыз. Толқыныс та жоқ емес. Бірақ капитан, барлық құрама және бүкіл еліміз менімен бірге, сондықтан өзімнің озық өнерімді көрсетуге әзірмін», деді Қазақстанның екінші ракеткасы Тимофей Скатов.

Бапкерлер аса тәжірибелі Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұбына да сенім артады.

«Чили сапында жұптық сында кез келген 4-5 ойыншы шыға алады. Олардың жекелей сында нәтижелері жақсы. Оңай матч болмасы анық. Сондықтан бәріне де дайынбыз», деді А.Голубев.

Қазақстан – Чили матчының жеребесі 3 ақпан күні тартылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Дэвис кубогі іріктеу матчына дайындықты бастағанын жазған болатынбыз.

Суреттер – Қазақстан теннис федерациясы


Соңғы жаңалықтар