Қазақстан құрамасы Еуропадағы мықты командалардың бірі – Данияны қалай жеңді

None
Фото: instagram.com/basniksport
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде 26 наурыз күнгі Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы кездесу қазақстандықтардың жарқын жеңісімен аяқталған матч ретінде тарихта қалары анық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матч алдында Дания сөзсіз фаворит саналған

Дания – Еуропадағы футбол ойыны қарқынды дамыған мемлекеттердің бірі. Әсіресе, 1992 жылы Дания құрамасының Еуропа чемпионы болғаны жанкүйерлердің жадында. Югославияның орнына ең соңғы сәтте ғана құрлықтық біріншілікке жолдама алған даниялықтар айды аспанға шығарып, ақырында жеңімпаз атанған еді. 2020 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалда Англия құрамасымен матчта қосымша уақытта ғана 1:2 есебімен жол берді.

Өткен жылы Қатарда өткен әлем біріншілігінде де өнер көрсеткен Данияның 2024 жылғы Еуропа чемпионатына барудан басты үміткерлердің бірі екендігі анық. H тобында Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Қазақстан және Сан-Марино командаларымен шеберлік байқасатын Дания бірден үмітті ақтап, іріктеу кезеңін сәтті бастады. Өз алаңында Финляндия құрамасын 3:1 есебімен ұтып, Италияның «Аталанта» командасында ойнайтын 20 жастағы жас жұлдыз Расмус Хейлунн хет-триктің авторы атанды.

Ал Қазақстан құрамасы осы топтағы үздіктердің бірінен саналатын Словениядан Астанада жеңіліп қалған еді. Бірінші таймда Максим Самородов есеп ашқанымен, екінші кезеңде Словения сапындағы Давид Брекало мен Жан Випотник гол соғып, қонақтар 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Сондықтан «Астана Арена» стадионындағы Қазақстан – Дания матчындағы фаворит те даниялықтар еді.

Оның үстіне қос команданың осыған дейін төрт мәрте жолдары тоқайласса, соның бәрінде Дания үстемдік танытқан болатын. Алдымен 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеу сатысында даниялықтар 3:0, 2:1, содан кейін 2018 жылғы дәл сондай додада 4:1, 3:1 есебімен ұтқан еді. Ол матчтар Алматы қаласындағы Орталық стадионда өткен еді. Енді елордадағы «Астана Аренаға» кезек келді.

Фото: kff.kz

Бұл ойынға жанкүйерлердің қызығушылығы өте жоғары болып, 28 мың адам жиналды.

Матчқа сербиялық Новак Симович қазылық етсе, оның отандастары Никола Джорович пен Милош Симович көмекшілік жасады. Қосалқы төреші де сербиялық Лазар Лукич болды.

Ойын алдындағы болжам жасаушылардың бәрі дерлік басымдықты Данияға берді. Мысалы, «Спартак» (Мәскеу), «Сельта» (Испания) және Ресей құрамасының атақты шабуылшысы, қазір ВсеПроСпорт.ру сайтының сарапшысы Александр Мостовой Данияның Финляндиямен өткен матчта үш ұпайды емін-еркін алып, көш бастағанын, Қазақстанда да солай болатынын айтып, сенім білдірді.

«Менің ойымша, бұл жұпта ешқандай кездейсоқтық болмайды, бәрі де айқын деуге болады. Қазақстан барлық шешуші шептер бойынша қарсыласынан бір бас кем, тіпті алаң иелеріне гол соғудың өзі қиынға түседі. Қонақтар барлық жағынан дайын, сенімді түрде кезекті үш ұпайды аларына ешқандай кедергі жоқ. Менің болжамым – Дания өз қақпасына гол соққызбай жеңеді», деген еді А.Мостовой.

Қазақстан мен Дания арасындағы ұзақ жол қашықтығына және «Астана Аренадағы» жасанды көгалда ойнайтынына қарамастан, жеңіске жететіндеріне даниялықтардың өздері де сенімді болғандай.

Фото: instagram.com/basniksport

Тартысты кездесу қалай өрбіді

Қазақстан құрамасының бас бапкері, ресейлік маман Магомед Адиев бұл ойында мына футболшыларға сенім артты: Игорь Шацкий, Михаил Габышев, Сергей Малый, Александр Марочкин, Нұралы Әліп, Ян Вороговский, Рамазан Оразов, Асхат Тағыберген (команда капитаны), Абзал Бейсебеков, Бақтиер Зайнутдинов, Максим Самородов.

Дания жаттықтырушысы Каспер Юльманн өз шәкірттерін алаңғы шығарды: Каспер Шмейхель, Александер Бах, Симон Кьер (команда капитаны), Виктор Нельссон, Йоаким Меле, Пьер-Эмиль Хейбьерг, Кристиан Нергор, Матиас Йенсен, Миккель Дамсгор, Расмус Хейлунн, Йонас Винн. Бұлардың бәрі де Еуропаның топ-командаларында доп тебетін мықтылар қатарынан еді.

Мамандар болжағанындай, даниялық ойыншылардың басымдылығы бірден байқалды. Олар бірнеше сәтте мүлт кеткенімен, команда сұрмергені Расмус Хейлунн 21, 36-минутта қос голдың авторы атанып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, Р.Хейлунн Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында алғашқы екі бәсекеде 5 гол соғып, мергендігімен көзге түсті. Бірінші таймда Михаил Габышев жарақат алып, оның орнына Лев Скворцовты қосуға тура келді. Ал үзілісте Магомед Адиев Сергей Малыйды Темірлан Ерлановпен ауыстырды.

Фото: facebook.com/KFFkaz

Екінші кезеңде алаң иелері барынша тырысып баққанымен, көпке дейін одан ештеңе шыққан жоқ. Стадиондағы қалың жанкүйерлер де тым болмаса бір гол соқса екен деп тілеп отырғандай еді. Ақыры ол сәт те келді. 69-минутта Абзал Бейсебеков бағыттаған допты Каспер Шмейхель қайтара білді. Сосын бұрыштамадан берілген доп Йонас Виннің қолына тиіп, бас төреші Новак Симович ойланбастан 11 метрлік нүктені көрсетті. Пенальтиді орындауға Мәскеудің ЦСКА командасында өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдинов бел буды. Ол кейін өзі айтқанындай, «Гол соғамын» деп, Асхат Тағыбергеннен допты сұрап алды. Сөйтіп 73-минутта есеп қысқарды – 1:2.

Арада алты минут өткенде, М.Адиев шабуылға жаңа леп қосу үшін М.Самородов пен Б.Зайнутдиновтің орнына Абат Айымбетов пен Бауыржан Исламханды шығарды. Бұл тактика өз жемісін берді. Алға ұмтылған шабуылдардың бірінде команда капитаны Асхат Тағыберген сол қанаттан ортаға қарай ойысты да, алыстан қақырата теуіп, тоғыздықты дәл көздеді – 2:2. Асхаттың қашықтан гол салатын шеберлігі бұрыннан бар еді. Дегенмен бұл сәттің жөні бөлек, бұл оның Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы алғашқы голы еді. Және гол болғанда қандай, Данияға, оның атышулы қақпашысы К.Шмейхельдің қақпасына енген гол! Қазақстандықтар мұнымен тоқталып қалған жоқ. Осы ойында сәтті қимылдарымен көзге түскен Ян Вороговскийдің сол қанаттан асырған добын 89-минутта Абат Айымбетов баспен торда тулатты.

Айрықша қуаныш үстінде Абат үстіндегі жейдесін шешіп, сол үшін ескерту алды. Төреші қосымша төрт минут қосты. Осы аралықта қақпашы Игорь Шацкий, алаңға тыңнан қосылған Аслан Дарабаев және қонақтардан Расмус Хейлунн ескерту алды. Нұралы Әліп жарақат алғандықтан, алаңнан тыс қалды. Оған қоса керексіз жерде тәртіп бұзған А.Айымбетов екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Енді ол 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариномен өтетін матчқа қатыса алмайды. Алаңда тоғыз ойыншымен қорғанған қазақстандықтар өз қақпасын аман сақтап қалды. Соңғы сәтте И.Шацкий алға шығып кеткенімен, Филип Биллинг допты қақпадан асыра теуіп, өз мүмкіндігін мүлт жіберді.

Осылайша, Қазақстан азулы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, өз тарихындағы ең үздік матчын өткізді деуге болады.

Фото: instagram.com/basniksport

Команданы алға жетелеген капитан

«Футбол на Куличках» сайты Асхат Тағыбергенді матчтың үздік ойыншысы ретінде атады.

«Қазақстан құрамасының капитаны өзінің алыстан соққан тамаша голымен алаң иелерін жеңіске жігерлендірді. Тағыберген таразы басын теңестіргеннен кейін қазақстандықтар жеңісті жұлып алды. Асхат алаң ортасында көп жұмыс жасап, шабуылда белсенді болды, голына дейін үш рет қақпаға қарай доп бағыттады, екі шешуші пас берді. Қонақтардан қос голдың авторы Хейлунды атамау мүмкін емес, алайда оның жетістіктерін әріптестерінің қателігі жуып-шайып кетті», деп жазды сайт.

Асхаттың голын УЕФА да елеусіз қалдырған жоқ. Ұйымның 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған ресми Twitter-аккаунты: «Бәрін тастап, Асхат Тағыбергеннің мына голына қараңыздар. Бұл сатыда мұнымен басқа нені салыстыруға болады?» деп жазды голдың бейнежазбасына орай.

Қазақстан мен шымкенттік «Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы А.Тағыбергеннің өзі де Meta-ratings.kz сайтына пікір білдірді.

- Ең алдымен күллі елді осы жеңіспен құттықтағым келеді. Данияға қарсы матчта бізге ешкім сенген жоқ. Көп адамдар тек Словениямен өткен ойында мүмкіндік бар деп ойлады. Армандар орындалады! Алда да осылай дайындаламыз.

- Неге өзіңіз пенальти теппедіңіз?

- Бақтиер өтінді. Егер клубта әріптестерім өтініш жасаса, ешқашан жерге тастамаймын. Ақырында ол гол соқты.

- Голдан кейін қандай көңіл-күйде болдыңыз?

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық құрама сапында гол соққаныма өте қуаныштымын. Бүкіл елді жеңіспен құттықтаймын! – деді А.Тағыберген.

Фото: instagram.com/basniksport

Қос бапкер не дейді?

Команданы жеңіске жігерлендіре білген бапкер М.Адиевті де атап өту керек. Ол үзілісте шәкірттерін қайрап, жалынды сөзін арнады.

«Жеңіске жетсең, командада бәрі жақсы. Керекті нәрсенің бәрі орындалып, жанкүйерлер қолдайды. Ал жеңіліп қалсаң, батып бара жатқан кемеден егеуқұйрық қашқандай күй кешесің. Қандай жағдай болса да, командада ешкім орынсыз қылыққа жол берген жоқ. Керісінше әркім сынап жатса да, бізде бірлік болды, мұның бағасы қымбат. Енді біз жеңіспен де, ұтылыспен де сыннан өткен команда екенімізді айта аламыз. Он рет қатарынан жеңілсек те, біз намысызды қайрап, әр ойынға ерекше қайратпен шығамыз. Міне, осы намыс, өз алаңымызда өткен бірінші ойыннан кейінгі өзіңе қанағаттанбау осындай үлкен жеңіске әкелді. Естеріңде ме, біз үзілісте бұдан кейін екі айға жан-жаққа тарайтынымызды, сондықтан көңілде ешқандай дақ қалдырмай, өз борышымызды адал орындап кету үшін екінші таймда барымызды салу керектігін айттық. Жігіттер, жарайсыңдар, сендер біздің республикамыз үшін, өзіміз үшін, отбасыларың үшін үлкен іс тындырдыңдар. Бұл жеңіс бізді көкке шығарды. Сондықтан тағы да жеңіс құтты болсын, бұл біздің кеш болды, тойлаңдар, жігіттер», деді матчтан соң Магомед Адиев.

Данияның бас бапкері Каспер Юльманн ойынның соңғы минуттарында өз құрамасының есе жіберіп алғанын айтты.

«Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның басым бөлігінде жақсы ойын көрсеттік. Ал соңғы 15 минут біз үшін өте қолайсыз болды. Бұл тактикаға қатысты емес. Көңіл-күйге байланысты. Бұл көрсеткіш соңғы рет қайталанып отыр деп ойлаймын», - деді жаттықтырушы.

Фото: facebook.com/KFFkaz

Дания футболшылары қазақстандықтардан 14 есе қымбат - Transfermarkt

Қазақстандықтардың жеңісі шет елдерде де жақсы баға алып жатыр. Тіпті даниялық жанкүйерлердің өзі Қазақстан құрамасының екі тамаша гол соққандығын мойындап, әлеуметтік желіде пікірлерін жазуда.

Ұлыбританиялық Daily Mail газеті Магомед Адиев шәкірттерінің бірінші таймда 0:2 есебімен ұтылып жатып, екінші кезеңде қарымта қайтарып, жеңіске жеткендігін атап көрсетті.

«Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу науқанын Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп бастады. «Астана Аренадағы» соңғы драмаға дейін олар қатарынан екі рет ұтылатындай көрінген. Дания өз алаңында үш күн бұрын Финляндияны 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Хейлунн хет-трик авторы атанды. Алайда даниялықтар екі ойында бес гол соққанына қарамастан, Қазақстаннан еш ұпай ала алмады. Мұнда кінә өздерінде. ФИФА рейтингісінде 100 саты төмен тұрған команданы ұтамыз, жеңіс қалтада деп ойлап, екінші таймда қапы қалды», деп жазды газет мақаласында.

Тағы бір айта кететін жайт, қос команда құрамындағы ойыншылардың бағасындағы айырмашылық.

Transfermarkt порталынының мәліметіне қарағанда, М.Адиев командасының жалпы құны 19 млн еуро болса, Дания ойыншылары 262 млн еуроға бағаланады, яғни 14 есе дерлік көп. Бұл жан-жақты дайындалып, дұрыс тактика қойып, футболшылардың басын біріктіре білсе, қандай мықты команданы да жеңуге болатынын көрсетеді. Тек осымен шектеліп қалмау маңызды.

Фото: instagram.com/basniksport

Ойыншы отбасындағы қуаныш
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құрама мен «Астана» ойыншысы Абзал Бейсебековтің 27 наурызға қараған түні ұлды болғанын хабарлады.
«Бізде тағы бір қуанышты жаңалық! Бүгін түнде Абзал Бейсебеков ұлды болды! Абзалдың отбасын шын жүректен құттықтай отырып, сәбидің ғұмырлы ер болуына шын жүректен тілектестік білдіреміз! Бауы берік болсын!», делінген ҚФФ құттықтауында.
Абзал Бейсебеков Қазақстан – Дания матчында негізгі құрамда алаңға шығып, жеңіске өз үлесін қосты.

Турнир кестесі

Қазіргі кезде Н тобында Словения 6 ұпаймен көш бастап тұр. Дания, Қазақстан, Финляндия және Солтүстік Ирландия құрамаларында 3 ұпайдан бар. Доп айырмасы бойынша қазақстандықтар үшінші орында келеді. Сан-Марино қоржынында ұпай жоқ. Қазақстандықтар келесі ойынын 16 маусымда, міне, осы Сан-Марино командасымен өткізеді. 20 қарашаға дейін созылатын іріктеу турнирінде Қазақстан үшін қай матч та маңызды болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Данияны 3:2 есебімен ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ футболдан Қазақстан мен Данияның бас бапкерлері бұл ойынға баға берді.

Қазақстан құрамасы есе жіберген Словения тағы жеңіске жетті.



Соңғы жаңалықтар