Қазақстан құқық қоғау органдарының өкілдері түрік әріптестерімен тәжірибе алмасты

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Р. Сәрпековтің бастауымен 24-30 наурыз аралығында қазақстандық құқық қорғау органдары өкілдерінің Анкара және Ыстамбұл қалаларында жұмыс сапары өтті.

Делегация құрамында ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығы, Астана қаласы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары прокуратурасының өкілдері, ІІМ экстремизмге қарсы күрес басқармасының және Бас прокуратура институтының басшылары мен қызметкерлері болды.

Сапар барысында делегация мүшелері Түркияның Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Халюк Ипекпен, Түркияның Бас прокуроры Хасан Эрбил, Түркияның Әділет академиясының президенті Хусейн Йылдырым және ТР Үкіметі жанындағы Діни басқармасы басшыларымен кездесіп, Әділет академиясының, ТР Ішкі Істер Бас Басқармасының терроризмге қарсы күрес департаментінің жұмысымен танысты.

Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастықтын кең көлемді мәселелері талқыланып, құқық қорғау саласында тәжірибе алмасу қажеттілігі айтылды.

Түркия құқық қорғау органдарының басшылары ТР сот және құқық қорғау саласының жүйесі жөнінде хабардар етті.

Түркияның Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Халюк Ипек Қазақстанның тәуелсіздік жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.

«140 ұлт пен 46 конфессия өкілдерінің Еуразия жүрегінде тату-тәтті өмір сүруі, тек Елбасы Н. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында болып отыр. Діни экстремизмге қарсы күресте Қазақстанның стратегиялық таңдауы - ұлттық бірлік пен татулық», деді Х. Ипек.

Қазақстандық делегация өз кезегінде, Мемлекет басшысының ұлтаралық және конфессияаралық бірлікті нығайтудағы саясаты ел мен аймақтарда татулық пен ынтымақтастықтың басты негізі болып отырғандығы туралы әңгімеледі.

Тараптар тәжірибе алмасу мен ыңтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігі мен соның ішінде кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін түрлі бағдарламалар бойынша Түркияның Әділет академиясында Қазақстанның 200-ден астам сот, прокуротура қызметкерлері мен әділет органдарының өкілдері өз білімдерін жетілдірді.

Соңғы жаңалықтар