Қазақстан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны сатып ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны сатып ала ма? Бұл сауалға ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің тараптан келіссөздер жүргізіліп, сатып алу мүмкіндігі туралы келісімге қол қойылды. Бірақ, бұл тек қана келісім. Қазіргі уақытта клиникалық сынақтың үшінші фазасын өткізуді күтіп отырмыз. Таяуда ғана Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы қаңтарға дейін сынақтың үшінші фазасын өткізетіндігін жария еткен болатын. Сондықтан аталған клиникалық сынақтарды өткізу, жанама әсерлерін, жас ерекшеліктерге байланысты қолданылуын ескеру қажет. Содан кейін вакцина бойынша шешім қабылданады. Бұл мәселеде қазір біз таңдау жасау сатысында тұрмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, ең бастысы вакцинаны дер уақытында алу болып отыр.

«Мұндай вакцина алынғаннан кейін елімізде 2 миллионннан астам адам егіледі. Егер дұрыс болса, бұл санды 10-15 пайызға арттыруға болады», - деді Нұрлыбек Асылбеков.

Еске салайық, тамыз айының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған делегация Ресейге жұмыс сапарымен барып, COVID-19-ға қарсы РФ ғалымдары әзірлеген вакцинаны сатып алу және қолдану мәселелерін талқылады.



Соңғы жаңалықтар