Қазақстан конфессия, мәдениет, дін және өркениет диалогын дамыту тәжірибесімен бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мысыр Араб Республикасының Вакуфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма Мабруктың шақыруымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев Каирде өткен «Діндер мен мәдениеттер диалогы» халықаралық конференциясына қатысты.

Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Қазақстан барлық елдерді және көшбасшыларды үнемі дағдарыстардың, әсіресе рухани және діни дағдарыстың алдын-алу іс-шараларын қабылдауға шақыратынын баса айтты. Сондай-ақ, әлемдік саясатта діндер, мәдениеттер диалогының идеялары мен құндылықтарын ілгерілетуде шешуші рөл атқаратын Мысырдың ұстанымы Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыратынын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, Мысыр Араб Республикасы Қазақстан үшін Таяу Шығыс аймағында, араб әлемінде және мұсылман қауымдастығында маңызды серіктес болып саналады. Мысыр тәжірибесіндегі біз үшін ең маңыздысы - әлеуметтік, діни тепе-теңдікті сақтау мәселесін тек мемлекеттік институттардың күштері шеше алмайтынын түсіну. Бұл үйлесімділік пен қауіпсіздікке қол жеткізудегі рухани миссиясын бағалау қиын болатын әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы кең диалогты қажет етеді. Мысыр басшылығы мен Мысырдың жоғарғы діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылында мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамытудағы, әртүрлі конфессия өкілдерінің ең өзекті мәселелерін шешудегі диалог алаңына айналып үлгергені анық», - деді Болат Сәрсенбаев.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев орталығының басшысы Мысыр Араб Республикасының Жоғарғы Мүфтиі Шауки Алляммен, Мысыр Араб Республикасы Парламенті Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Усама Мұхаммед Хасан Ал-Абдпен, «Academic International de Lyon» орталығының бас директоры Мұхаммед Тарватпен, Мысыр газетінің басқарма төрағасы Абдулла Раджаб аш-Шарифпен және алдағы Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің басқа да әлеуетті қатысушыларымен кездесті.

«Халықаралық конференция аясында жетекші ғылыми орталықтардың, университеттердің әлемдік сарапшылары, діни бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, араб елдерінің Вакуфтар жөніндегі министрлері, Мысыр Араб Республикасы парламентінің депутаттары, шет мемлекеттер, сонымен қатар Египеттің беделді қоғамдық және саяси қайраткерлері әлемдегі діни ахуалды дамытудың өзекті мәселелерін, COVID-19 пандемия кезіндегі өзгерістер жағдайын, мәдениетаралық диалог пен рухани бірлікті нығайту мәселелерін талқылады», - делінген аталған орталық баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар