Қазақстан коммунистері ауылдардағы ауыз су мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков Премьер-Министр Асқар Маминнің атына ресми сауал жолдап, ауыл тұрғындарын мазалап отырған ауыз су мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Парламентінің Мәжілісіне Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Қызылсай ауылдық округының Шалқар ауылынан «Ақсақалдар алқасы» және ауыл тұрғындары атынан 51 адам қол қойған ұжымдық хат-үндеу келіп түсті. Халықтың сұрауы біреу ғана - ол ауыз су. Ауыз су – ол ауамен қатар адам өмірі үшін ең қажетті мәселе екендігіне ешкім таласпайды және осы маңызды мәселе үшін «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында миллиардтаған қаражат бөлінді. Өкінішке орай, мемлекет ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаншама миллиард ақша-қаражат бөлсе де халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге әлі күнге дейін толық қол жеткізе алмай келеміз», - деді депутат.

Оның дерегінше, Қорғалжын-Шалқар бағытындағы 1970 жылы салынған ұзындығы 29,5 шақырым су құбыры магистралының 2014 жылы 95 пайызға тозғандығы расталды. Осыған байланысты 2015 жылдан бастап ауыз су ауылға автокөлікпен тасымалданып жеткізіледі. Шалқар ауылының ішкі су тарту құбыры 2010 жылы салынып, 2014 жылға дейін қолданыста болды. Бүгінгі күні қараусыз қалғандықтан жағдайы нашар күйде.

«Күздің жауын-шашыны кезінде, қыстың боранында жол жабылған кездерде ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген қиындықтар туындайды. Былтыр қаңтардың қарлы бораны кезінде автомобиль жолы жарты айға жуық жабылып, Қорғалжын елі қар ерітіп, мұз ойып ішуге мәжбүр болды. Бұл жағдай республикалық Қазақстан-1 телеарнасынан көрсетілді. Осы жағдай әлі сол күйінде, өкініштісі бұл үйреншікті жағдайға айналып барады. Жағдай өте күрделі, біздегі нақтыланбаған деректер бойынша Қорғалжын, Біртабан, Шалқар ауылдарында 6 мыңнан астам адам тұрады. Осы ауылдарда 5 мыңға тарта ірі-қара мал, 3 мың жылқы, 6 мың қой-ешкі, 15 мыңға тарта үй құстары өсіріледі. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, республикалық бюджеттен аталған елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз«, - деді Жамбыл Ахметбеков.


Соңғы жаңалықтар