Қазақстан командалары Олимпиада ойындарында қалай киінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Жапония астанасындағы XXXII жазғы Олимпиада салтанатты түрде ашылады. Қазақстан бұл дүбірлі додаға 1996 жылдан бері қатысып келеді және үздік нәтижемен қатар сән-салтанатты формасымен де көзге түсті. Осы орайда ҚазАқпарат агенттігі 1996 жылдан бері Қазақстан құрамаларының Олимпиада ашылуына киген салтанатты формаларына шолу ұсынады.

Айта кетейік, 1988 жылға дейін қазақ спортшылары КСРО құрамасының қатарында өнер көрсетті. Ал 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында еліміз тәуелсіздігін жариялағанымен, спортшыларымыз Біріккен команда құрамына енді. Қазақстан 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласындағы жазғы Олимпиадаға тәуелсіз ел ретінде қатысты.


Атланта ойындары туралы ғаламторда көп сурет сақталмаған. Мұнда Халықаралық олимпиада комитетінің YouTube-тегі ресми каналы көмекке келді. Бұл ойында Қазақстан құрамасы туымыз тәрізді көгілдір түсті костюм киген. Қазақстандық спортшы әйелдер ақ жейде, көк таспасы бар ақ қалпақ, ақ аяқ киім және алтын түймелі көк костюм киген. Ал ерлер – сары таспасы бар ақ қалпақ, алтын түсті галстук, ақ жейде мен ақ шалбар, ақ туфли және көк пиджак киді. Сондай-ақ, ерлердің сол жақ кеудесінен туымыздағы күн мен қыран құсты байқауға болады.

Бұл Олимпиадада қазақстандық 94 спортшы спорттың 15 түріне қатысты. Нәтижесінде 11 медаль – 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жеңіп алды. Осылайша Қазақстан өзі қатысқан алғашқы Олимпиадасында 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады. 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы Василий Жиров Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы қазақстандық атанды. Юрий Мельниченко грек-рим күресінен 57 келі салмақта және Александр Парыгин бессайыстан топ жарып, «алтын» алды. Боксшы Болат Жұмаділовке (51 келіге дейін салмақта), нысана көздеуден Сергей Беляевке (екі дүркін «күміс» жүлдегері), ауыр атлет Анатолий Храпатыйға «күміс» бұйырды. Ал «қола» медалін былғары қолғап шеберлері Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбрайымов және нысана көздеуден Владимир Вохмянин мен еркін күрестен Мәулен Мамыров алды.

Төрт жылдан кейін 2000 жылғы жазғы Олимпиада Аустрлияның Сидней қаласында өтті. Оған 130 қазақстандық спорттың 18 түрі бойынша қатысты. Мұнда да спортшыларымыздың салтанатты киімі аса өзгере қоймағанын байқаймыз. Тек әйелдер белдемшенің орнына ерлермен бірдей көгілдір пиджак пен қоңыр сарғыш шалбар киген. Және әйелдердің жейдесіне қазақтың түйетабан оюы салынған. Ал ерлерде – тік жағалы қоңыр-сарғыш жейде, бұл жолы ерлер галстук тақпады. Барлық спортшының сол жақ кеудесінде Қазақстанның туы бейнеленген.

Бұл додада Қазақстан 7 медаль ғана жеңіп алды. Бірақ, 3 алтын және 4 күміс алғандықтан, еліміз 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді. Дәл осы Олимпиадада Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов және Ольга Шишигина Қазақстан қанжығасына «алтын» әкеліп, ел жадында қалды. Одан бөлек, «күміс» алған боксшылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков және еркін күрестен Ислам Байрамуков пен велошабандоз Александр Винокуров та Қазақстанның танымал спортшылары атанды.

2004 жылғы дәстүрлі дода Олимпиада отаны – Грекияда ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның 119 спортшысы барған еді. Мұнда да киім жағынан өзгерістер болмады. Сол қалпақ, сол костюм, сол ою-өрнек. Тек әйелдер шалбардың орнына күңгірт көк түсті көйлек киді. Ерлердің мойнынан көк, сары, сүр түстер аралсқан галстукты көруге болады. Сосын кеудедегі эмблема тудағы күн мен қыранның орнына елтаңбаға ауыстырылды және спортшылардың қолына жалаушалар берілді. Бұл форманы семейлік «Азия» фирмасы әзірлеген.

Нәтижесі жағынан да Афина ойындары көңіл көншітпеді. Кемі 3 «алтынмен» қайтатын Қазақстан бұл жолы жалғыз «алтынды» місе тұтты. Оны 69 келі салмақтағы боксшы Бақтияр Артаев сыйлады. Сондай-ақ Б. Артаев Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Осылайша Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды. Одан бөлек, танымал боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, балуандар Георгий Цурцумиа және Геннадий Лалиев «күміс» жүлдегер атанды. Ал жеңіл атлет Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресінен Мхитар Манукян қола алды. Нәтижесінде Қазақстан сегіз медаль алып, «алтын» саны аз болғандықтан, 201 елдің арасында 40-орынға бір-ақ сырғыды.

2008 жылғы Олимпиада алауы Қытай астанасы Бейжіңде тұтанды. Бұл жолы Қазақстан құрамасын киіндіру танымал дизайнер, стилист Құралай Нұрқаділоваға жүктелді және спортшылардың салтанатты формасы түбегейлі өзгерді. Дәстүрлі көк түстің реңктері қызғылт сары мен сұр түстерге ауысты және ленталар секілді элементтер көбейді. Әйелдер қызғылт сары қалпақ пен белдемше, ақ жейде мен ақ пиджак киді. Ерлер ақ қалпақ, ақ жейде мен ақ пиджак және сұр шалбармен шықты және олардың көк галстугында Қазақстан туындағы күн мен қыран құс бейнеленген. Барлық спортшылардан «KAZAKHSTAN» лентасы мен елтаңба эмблемасын көруге болады.

Бейжіңге Қазақстаннан 115 адам спорттың 20 түрінен сайысқа түсті және 203 ел арасында 29-орынға табан тіреген еді. 2 қазақстандық «алтын» алып, жеңіс тұғырына шыққан еді. Оның бірі 69 келі салмақтағы боксшы Бақыт Сәрсекбаев болса, екіншісі – ауыр атлетикадан 94 келі салмақта сынға түскен Илья Ильин болатын. Алайда, кейінірек И. Ильиннің жеңісін Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданды деп қайтарып алды. Ал «күміс» жүлде алған ауыр атлет Алла Важенинаның қарсыласы допинг дауына ілігіп, қазақстандық спортшыға «алтын» берілді.

Күміс медальді дзюдошы Асхат Жіткеев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев жеңіп алды. Бастапқыда екеуі де қола жүлдегер болған, кейіннен қарсыластарының допинг қолданғандары белгілі болып, күміске ие болды. Грек-рим күресінің балуаны Елена Шалыгина, еркін күрестен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев және таэквондошы Арман Шілманов қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ, допинг тексеруінен кейін қазақстандық күресші Таймураз Тигиев пен ауыр атлет Ирина Екрасованың «күміс» жүлдесі, ауыр атлет Мария Грабовецкая мен күресші Әсет Мәмбетовтың «қола» жүлдесі күшін жойды.

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында да спортшылардың салтанатты киімін Құралай Нұрқаділова әзірледі. Бұл жолы дәстүрлі қалпақтар кепкаға, байсалды пиджактар жеңіл күртешеге ауысты. Бейжің Олимпиадасындағы жалпақ ленталар қайталанбады. Споршы ерлер ақ бас киім мен күртеше, көгілдір түсті қысқа жеңді жейде және шалбар киіп, белдік пен көк-сары галстук таққан. Әйелдер спорттық стильдегі көгілдір көйлек киіп, көк-сары шифон орамал байлаған, жұқа тор қолғап киген. Аяқ киімдер бір дизайнда, тек әйелдерде аздаған өкше қосылған. Барлық күнқағарлар мен күртелерде ұсақ шрифтімен «KAZAKHSTAN» жазуы жазылған.

Лондон олимпиадасында қазақстандық қатысушылар спорттың 25 түріне қатысып, 7 «алтын» жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткен еді. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. 7 чемпионның үшеуі ғана өз көрсеткіштерін сақтап қалды. Олар: велошабандоз Александр Винокуров, үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова және даңқты боксшы Серік Сәпиев. Серік Сәпиев чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған үшінші қазақстандық спортшы болды. Ал ауыр атлеттер – Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедовалардың көрсеткіштері жойылды. Лондон ойындарындағы жалғыз «күміс» жүлде боксшы Әділбек Ниязымбетовтың қанжығасына байланды, ал күресшілер Ақжүрек Таңатаров, Гүзел Манюрова және Даниял Гаджиев, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова «қола» жүлдегер атанды.

Ал соңғы Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада Қазақстан құрамасының салтанатты киімін «КазСПО - N» компаниясы әзірледі және танымал дизайнер Аида Қауменова атсалысты. Мұнда ақ және күңгірт көк түстерге басымдық берілген. Әйелдер ақ түсті кимоно, күңгірт көк белдемше және сары орамалмен шықты. Кимононың жағасы мен қалтасына қазақтың ұлттық оюы салынған және кеудесіне елтаңба эмблемасы бекітілген. Ерлерде керісінше көк пиджак, ақ шалбар және қоңыр белдік пен сары галстук тағылған. Бұл жолы спортшыларда ешқандай бас киім болмады.

Әзірге Рио ойындары ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер санынан рекордтық көрсеткіште. Оған 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, жалпы саны 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алған еді. «Алтын» медальді ауыр атлет Нижат Рахимов, жүзуші Дмитрий Баландин және боксшы Данияр Елеусінов жеңіп алды. Ал дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Гүзел Манюрова, ауыр атлет Жазира Жапарқұл және боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит «күміс» жүлдегер атанды. Бұл жылы «Қола» жүлде алғандар көп: Отгонцецег Галбадрах (дзюдо), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс), Александр Зайчиков, Фархад Харки, Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (еркін күрес).

2020 жылғы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылдың жазына ауыстырылды. «Salta» брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова олимпиадалық киімнің салтанатты формасының дизайнері болды. Салтанатты форма «кэжуал» немесе «спорт-шик» форматында жасалған. Бұл киімдерге күтім жасау оңай, мыжылмайды және аллергия тудырмайды. Спортшылар спорттық футболка мен жағасында ақ жолағы бар қою көк пиджак, кең шалбар мен ақ кроссовка киген. Пиджакта Токио Олимпиадасы мен Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетінің белгілері жапсырылған. Оң жақ жеңінде Қазақстанның туы бейнеленген. Әзірге бас киім мен өзге де аксессуарлар көрінбейді.

Қазақстан құрамасының салтанатты формасы танымал Forbes журналының үздік униформалар рейтингіне еніп үлгерді. Үздік формалар тізіміне #teamKZ атлеттерінен бөлек, АҚШ, Либерия, Ресей, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка және Жапония командаларының формасы енген. Қазақстан командасының формасын сипаттай келе, автор түстердің жақсы үйлесім тапқанына, ең бастысы – жобадағы командалық жұмыстың жоғары болғанына ерекше назар аударады. Өйткені, форманы дайындау барысына спортшылар да қатысқан болатын.


Бүгін Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен 97 Олимпиада жолдамасы бар. Алдыңғы Олимпиадаларда жүлде алған Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Елдос Сметов, Галбадрах Отгонцэцэг сынды спортшылар осы жолы да бақ сынайды. Спортшыларымызға сәттілік пен жеңісті күндер тілейміз!




Соңғы жаңалықтар