Қазақстан клубтарының Еуропа лигасындағы алғашқы қарсыластары белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб пәтерінде Астана уақытымен 17.00-де Еуропа лигасының бірінші кезеңінің жеребесі тартылды.

Аталмыш бәсекеге біздің еліміздің атынан қатысатын Алматының «Қайрат», Павлодардың «Ертіс» және Қостанайдың «Тобыл» клубтарының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» «Энгордани» (Андорра) / «Фольгоре» (Сан-Марино) жұбының жеңімпазымен кездеседі. «Қайрат» Еурокубок ойындарында жетінші мәрте бақ сынайды. 2005/2006 жылғы футбол маусымында оңтүстік астана командасы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғады. Ал 2002, 2006, 2014, 2015, 2016 жылдарда Еуропа лигасы (УЕФА кубогы) іріктеу кезеңінде ойнады. Әзірге топтық кезеңге шыға алған жоқ.

«Ертіс» командасы «Сефн Друидс» (Уэльс) / «Тракай» (Литва) жұбының жеңімпазымен кездеседі. «Ертіс» те бір мәрте 2003/2004 жылдарда Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіне қатысты. Еуропа лигасында (УЕФА кубогы) 2009, 2011, 2013 жылғы футбол маусымында еліміздің атынан қатысты. Павлодарлық ұжым да күні бүгінге дейін топтық кезеңге жете алған жоқ.

Қостанайдың «Тобылы» Грузияның «Самтредиа» клубымен ойнайды. «Самтредиа» 1936 жылы құрылған. Қазақстандық клубтармен Еурокубок кубок ойындарында жолы түйісіп көрген жоқ. «Тобыл» да бір мәрте 2011 жылғы футбол маусымында Чемпиондар лигасының екінші іріктеу сатысында ойнады. Еуропа лигасында (УЕФА кубогы) 2006, 2007, 2008, 2009, 2010 жылдарда бақ сынады.

Бірінші кезең ойындары 12 және 19 шілде күндері өтеді. Кеше, 19 маусымда Чемпиондар лигасында ойын көрсететін «Астана» командасының қарсыласы анықталды.

Әділжан Үмбет

Соңғы жаңалықтар