«Қазақстан-ҚХР» бағытындағы пойыз жолаушылары бетперде киюге міндеттелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын пойыздардың барлық персоналына және жолаушыларына бетперде кию міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында аптасына бір рет үш жолаушылар пойызы қатынайды.

Атап өтілгендей, ҚХР-дан пойызбен келетін жолаушылар мен жолсеріктер тепловизормен дене қызуын өлшеу жолымен тұрақты негізде тексеріледі.

«2020 жылғы 6 қаңтардан санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері жолаушыларда, пойыз бригадалары мен машинистерде бетперденің болуын қатаң талап етеді», - деді министрліктен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі таңда Қытайға әуе тасымалдарын Қазақстан тарапынан «Air Astana» және «SCAT» авиакомпаниялары, Қытай тарапынан «Air China» және «China Southern Airlines «әуе компаниялары орындайды. Барлығы аптасына 34 рейс жасалады, оның ішінде 22 рейсті отандық, 12 рейсті қытайлық компаниялар жүзеге асырады.

«Air Astana» авиакомпаниясы Қытайдан Қазақстанға туристік топтардың сапарларын орындаудан бас тартты.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Кейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді.

Қазір Қытайда пневмониялық инфекцияның жаңа түрі тарап жатыр. Сырқатқа шалдыққан және көз жұмғандар саны күн санап артып келеді. Алғашқы науқастар тіркелген күндері (15 қаңтар) есепке 41 адам алынған болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайда жаңа коронавирусты жұқтырғандар 1326-ға жетіп, өліммен 41 оқиға аяқталды.

Пневмонияның бұл түрі Таиланд, Еуропа елдері мен АҚШ-та тіркеліп отыр.

Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған.

Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар