Қазақстан кемелері Ханты-Мансийск округіне дейін шығуға мүмкіндік алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан кемелері Обь өзенімен Ханты-Мансийск округіне дейін шығуға мүмкіндік алады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы бойынша баяндама жасаған оның айтуынша, аталған құжатта екіжақты тасымалдарды хабарлама тәртібіне ауыстыру белгіленген. Жыл сайын, 1 сәуірге дейін уәкілетті органдар екіжақты тасымалдарды жүзеге асыратын кемелердің алдын ала тізімдерін келісетін болады. Қажет болған жағдайда жыл ішінде бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қаралған.

«Бұл ретте келісім қабылданғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар өзен тасымалдарын Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзенімен Ханты-Мансийск округіне дейін шығуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Атырау, Астрахань, Волгоград порттары арасындағы екіжақты тасымалдарды жаңарту мәселесі де қарастырылған. 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3,8 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Берік Камалиев.

Вице-министр келісім тараптардың порттар қызметтеріне тең жағдайлар жасауын, сондай-ақ кеме және экипаж мүшелерінің құжаттарын өзара тануды көздейтіндігін айтты.

«Бұл бақылаушы органдардың кемелерді қарап-тексеру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Келісімді іске асыру аясында тараптар экипаж құрамына қойылатын талаптарды белгілеу бойынша жеке ведомствоаралық шарт қабылдауды жоспарлауда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар