Қазақстан KazSat спутниктік байланысының арқасында қомақты қаржы үнемдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - KazSat ғарыштық спутниктік байланысы қызметтер импортын алмастыруда 34 млрд теңгеден астам соманы қамтамасыз етті. Бұл туралы бүгін ҚР ҚАӨМ «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына (ҒБО) Сенат депутаттарының сапары кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар KazSat ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесінің жұмысымен танысты.

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, «KazSat» сериялы екі ғарыш аппаратының сыйымдылығын орташа жүктеу 70 пайызды құрады, бұл әлемдік тәжірибеде жақсы көрсеткіш болып табылады. Себебі әрбір ғарыш аппаратын коммерциялық жүктеу әдетте барлық ресурстың 75-80 пайызынан аспайды.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ президенті Виктор Лефтердің айтуына қарағанда,  KazSat ғарыштық спутниктік байланыс (ҒСБ) іске қосылғалы қызметтер импортын алмастыруда 34 млрд теңгеден астам сомаға қамтамасыз етті.

Қазіргі күні «РҒБО» АҚ қолданыстағы спутниктік байланыс желілерінің үздіксіз жұмыс жасауы, сондай-ақ оларды одан әрі дамыту мақсатында «KazSat» байланыс және хабар тарату спутниктерінің қазақстандық ұлттық топтамасын көбейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттің бекітілген байланыс арналарына қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қабілетті  толыққанды «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі құрылды», - деді В. Лефтер.

Айта кетейік,  «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы. Сонымен қатар орталық 14 жылдан астам телекоммуникациялық операторларды, ұлттық компанияларды және холдингтерді, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарды цифрлы телерадио хабар тарату, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік, деректерді беру және корпоративтік спутниктік байланыс желілері қызметтерімен қамтамасыз етеді.

«KazSat» ҒСБ екі «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату аппараттарынан тұрады.  «KazSat-2» ғарыш аппараты 2011 жылы 16 шілдеде геостационарлық орбитаға шығарылды, ал «KazSat-3» ғарыш аппараты 2014 жылы 28 сәуірде ұшырылды. Екі спутник те бір-бірінен қалыспайды, ал кейбір техникалық параметрлер бойынша шетелдік ғарыш аппараттарынан асып түседі.

Спутниктерді басқару екі кешеннен жүргізіледі. Атап айтқанда, Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы жерүсті басқару кешені, сондай-ақ Алматы облысы Көктерек кентіндегі резервтік жерүсті басқару кешені жасақталған.

Соңғы жаңалықтар