Қазақстан қатысқан қысқы Олимпиадалардағы үздік шыққан командалар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төрткүл дүние көз тіккен Бейжіңдегі Ақ Олимпиада ойындары аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасына жүлде бұйырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиада -ойындары Қазақстанның Тәуелсіздік алған тұстағы тұңғыш Олимпиадасы. 1994 жылға дейін жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына КСРО құрамында қатысып келді.

Бүгін сол 1994 жылдан бері Қазақстан құрамасы жеке ел ретінде туын көтеріп барған Қысқы Олимпиада ойындарында үздік үштікті қай елдер жеңіп алғанын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

1994 жыл - Лиллехаммер, Норвегия

1994 жылы XVІІ Қысқы Олимпиада ойындары Норвегияның Лиллехамер қаласында өтті. Оған әлемнің 69 елінен 1700-ден астам спортшы келді. Олардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрамасы да болды. Алғаш тәуелсіз ел ретінде барған Ақ Олимпиада ойындарынан қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Осылайша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 12 орынға орналасты.

1994 жылғы Олимпиададан соң қазақ спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді.
Лиллехаммер Олимпиадасының үздік үштігі:
1-орын - Ресей - 11 алтын, 8 күміс, 4 қола

2- орын - Норвегия - 10 алтын, 11 күміс, 15 қола

3- орын - Германия - 9 алтын, 7 күміс, 8 қола

1998 Нагано, Жапония

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Оған әлемнің 72 елінен 2302 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Беларусь Республикасымен 20-21 орындарды бөлісті.
Нагано Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Германия - 12 алтын, 9 күміс, 8 қола

2- орын - Норвегия - 10 алтын, 10 күміс, 5 қола

3- орын - Ресей - 9 алтын, 6 күміс, 3 қола

2002 Солт-Лейк-Сити, Америка Құрама Штаттары

2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында XІХ қысқы Олимпиада ойындары өтті. Бұл додаға әлемнің 77 елінен 2390 спортшы қатысты. Өкінішке қарай, Қазақстан спортшыларына Олимпиада ойындарының жүлдесі бұйырмады.

Солт-Лейк-Сити Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Норвегия - 13 алтын, 5 күміс, 7 қола

2- орын - Германия - 12 алтын, 16 күміс, 8 қола

3- орын - АҚШ - 10 алтын, 13 күміс, 11 қола

2006 Турин, Италия

2006 жылы XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында өтті. Бұл төрт жылдық додаға әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы қатысты. Бұл жолы да қазақстандық спортшылар қоржынға жүлде сала алмады.

Турин Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Германия - 11 алтын, 12 күміс, 6 қола

2- орын - АҚШ - 9 алтын, 9 күміс, 7 қола

3- орын - Австрия - 9 алтын, 7 күміс, 7 қола

2010 Ванкувер, Канада

2010 жылы ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарын Канаданың Ванкувер қаласы өткізді. Оған әлемнің 82 елінен 2766 спортшы медальға таласты.

Бұл Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальға қол жеткізді. Осы бір медальмен жалпыкомандалық есепте Қазақстан мен Эстония елдері 25-26 орынды өзара бөлісті.
Ванкувер Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Канада - 14 алтын, 7 күміс, 5 қола

2- орын - Германи - 10 алтын, 13 күміс, 7 қола

3- орын - АҚШ - 9 алтын, 15 күміс, 13 қола

2014 Сочи, Ресей

2014 жылы Сочиде ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Оған әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысты.

Қазақстан Сочи Олимпиадасында бір қола медальға ие болды. Оны мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қоржынға салды.

Осылайша 2014 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынды иеленді.

Сочи Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Ресей* - 11 алтын, 10 күміс, 9 қола

2- орын - Норвегия - 11 алтын, 5 күміс, 10 қола

3- орын - Канада - 10 алтын, 10 күміс, 5 қола

*Допинг ісіне байланысты Ресей құрамасы 2 алтын, 1 күміс медальдан айырылды.

2018 Пхенчхан, Оңтүстік Корея

2018 жылы XXIII Қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтті. Бұл Олимпиада ойындарында әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңға жуық спортшы сынға түсті. Аталған Олимпиадада қазақстандық Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен бір қола медальға қол жеткізді. Осы бір жүлдемен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 28-орынға ие болды.

Пхенчхан Олимпиадасының үздік үштігі:

1-орын - Норвегия - 14 алтын, 14 күміс, 11 қола

2- орын - Германия - 14 алтын, 10 күміс, 7 қола

3- орын - Канада - 11 алтын, 8 күміс, 10 қола

2022 Бейжің, Қытай Халық Республикасы

Бүгін Бейжіңдегі Ақ Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Ойындарда Қазақстан намысын 34 спортшы қорғады. Олар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түсті.

Өкінішке қарай бірде-бірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.

Бейжің Олимпиадасының үздік үштігі:

1. Норвегия - 16 алтын, 8 күміс, 13 қола

2. Германия - 12 алтын, 10 күміс, 5 қола

3. Қытай - 9 алтын, 4 күміс, 2 қола


Соңғы жаңалықтар