Қазақстан Каспий арқылы Қытай мен Еуропаның арасында деректер тасымалдайтын дәліз жасайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында Каспий арқылы Қытай мен Еуропа арасында деректер тасымалдайтын «дәліз» төсемекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға талшықты-оптикалық байланысты төсеу жөніндегі жобаны іске асыру бөлігінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп төсеуге жәрдемдесу жөнінде екіжақты үкіметаралық келісім жасалды.

«Жоба трафиктің Қазақстан аумағы бойынша және суасты кәбілі арқылы Әзербайжанға дейін әрі қарай Еуропаға (Грузия – Қара теңіз – Болгария – Словакия арқылы Германияға) шығуын көздейді», - делінген ұлттық жоба мәтінінде.

Каспий теңізінің түбіндегі кәбілдің ұзындығы шамамен 380-400 шақырым, ал тасымалданатын деректердің жобалық сыйымдылығы кемінде секундына 4-6 терабит болмақ.

«Сондай-ақ транзиттік трафикті өткізу кезінде кідірістерді азайту үшін Қазақстан аумағы бойынша Шығыстан Батысқа қарай ұлттық гипермагистраль салу қажет. Сонымен қатар транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер өңдеу орталықтарын құру қажет. Осы жобаларды іске асыру халықаралық деректер транзитінің баламалы бағытын қамтамасыз етуге, Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы деректер транзитіндегі Қазақстанның үлесін арттыруға, сондай-ақ ел нарығына ірі технологиялық (big tech) компанияларды тартуға мүмкіндік береді», - делінген құжатта.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан-Әзербайжан бағытында Каспий түбі арқылы байланыс желілерінің құрылысы басталатындығы айтылды. Жалпы бұл жоба 2019 жылдан бері айтылып келеді.
Соңғы жаңалықтар