Қазақстан кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай рейтингі бойынша 63-ші орында тұр

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай рейтингі бойынша 63-ші орында тұр.  Бүгін «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасындағы кездесу барысында ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің хатшысы Талғатбек Абайділдин осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүкілдүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржылық корпорациясының (IFC) есептеріне сәйкес, кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай рейтингі бойынша Қазақстан 183 елдің ішінде 63-ші орында тұр. Бүгінгі күні қазақстандық кәсіпкерлер сарапшылық кеңестер мен қоғамдық бірлестіктер арқылы бизнеске қатысты заңдарды қабылдауға тікелей араласып, өз ұсыныстарын жолдай алады. Дегенмен де, қазіргі таңда бизнес орта үшін жағымсыздау жағдай туғызатын проблемалар да баршылық. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамытудың өзіндік саясатының болмауы, қаржы ресурстарының қымбатшылығы, бақылаушы органдар тарапынан санкцияланбаған тексерулердің орын алуы бизнестің аяғына тұсау болып отыр. Сондықтан да, аталған проблемаларды жіті талдап, атқарылатын шаралардың тиімділігін бағалап, кәсіпкерлікті ынталандыруды жалғастыра түсу қажет. Осылайша, шағын және орта бизнесті дамыта отырып, экономиканы әртараптандыру, әлеуетті арттыра түсу секілді жалпыұлттық мақсаттарды жүзеге асыруға қол жеткіземіз», деді Т. Абайділдин.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнестің толыққанды әрекет етуіне кедергі болатын жүйелі проблемаларды заңнамалық тұрғыдан реттеудің маңызы зор. Сенаторлар осы мақсатта ең алдымен  бизнесті жедел дамыту, экономиканың осы секторының стретагиялық даму бағыты, индустрияландырудағы шағын бизнестің рөлі секілді ұсыныстарға жіті назар аударатын болады.

Соңғы жаңалықтар