Қазақстан қаржы секторының қайталама санкцияларға түспеуі үшін тиісті шешім қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ресейге қатысты санкция талаптарын орындау бағытында тиісті рәсімдерді күшейтті. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санкциялар мен олардың қаржы секторында қолданылуы мәселесіне тоқталсақ, Қазақстандағы банктер, қаржы ұйымдары АҚШ-тың, Ұлыбританияның және Еуропаның қаржы саласындағы реттеушілері енгізген санкция талаптарын (Ресейге қатысты) сақтау үшін тиісті рәсімдерін айтарлықтай күшейтіп жатыр», - деді деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Агенттік басшысы қазір банк жүйесін санкцияларды айналып өтуге пайдаланбау мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

«Бұл өте маңызды, тиісті сәйкестік процедураларын екінші деңгейлі банктер де қамтамасыз етеді. Бұл мәселені реттеу үшін біз FATF талаптарына сәйкес қаржы нарығының әрбір секторы үшін егжей-тегжейлі талаптар мен реттеу қадамдарын бекіттік. Яғни, банк секторы, сақтандыру нарығы, бағалы қағаздар нарығы және микроқаржы секторы үшін жеке қаулы мен реттеу қадамдары бар», - деді ол.

Сонымен қатар ол елімізге санкциялар туралы ешқандай ескерту келмегенін айтты.

«Қазақстанның қаржы секторына қайталама санкциялар салу қаупін болдырмау үшін барлық қажет қадамдарды қолданып жатырмыз. Бұл өте маңызды және біз реттеуші құрылымдардың да, сыртқы корреспондент-банктердің де отандық банктерімізге қойған талаптарын толығымен орындаймыз», - деді Мәдина Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар