Қазақстан канадалық аудит тәжірибесіне қызығушылық танытты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Канада Кірістер агенттігінің Аудит, бағалау және тәуекелдер жөніндегі комиссарының орынбасары - Аудит жөніндегі бас атқарушы директоры Брайан Филбинмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар Астана хабына қатысушы елдердің мемлекеттік қызметшілеріне арналған аудит, бағалау және тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу мүмкіндігін талқылады.

«Мемлекеттік органдардың аудит және бағалау жүйесі - мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың маңызды факторы. Бұл - аймақ елдерінде әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Канада тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырып отыр» - деп атап өтті Әлихан Байменов.

Канадалық шенеунік мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда адами ресурстарға мән беру керектігін жеткізді.

«Мемлекеттік құрылымдардың қызметін бағалауда ең маңыздысы: біріншіден - тәуекелдерді басқаруды, екіншіден - адами ресурстарды басқаруды бағалау. Өйткені кез келген жүйеде адамдардың рөлі аса маңызды. Барлық өзгерістерді адамдар жүзеге асырады, сондықтан қызметкерлерді сапалы іріктеу және басқару - негізгі фактор», - деді өз кезегінде Брайан Флинбин.

Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықтың келесі қадамдарын айқындады.

Қазіргі таңда, Астана хабының қатысушы елдерінің құрамына 40 мемлекет кіреді, солардың ішінде ЭЫДҰ, ТМД, Кавказ, Орталық Азия және ACEAН елдері де бар.

Соңғы жаңалықтар