Қазақстан қалаларына 500-дей жасанды тыныс алу аппараты жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Қазақстан қалаларына 498 жасанды тыныс алу аппараты жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 126, Алматыға 64, Шымкентке 156 аппарат жеткізіліп, қажеттілік толық өтелді. Сондай-ақ, Ақмола облысы 3, Алматы облысы 32, Ақтөбе облысына 25, Қызылорда облысына 53 және Павлодар облысына 39 жасанды тыныс алу аппаратын алды. Тағы да осындай 276 аппарат Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан және Қарағанды облыстарына беріледі. 377 аппараты стендті сынақтардан өтіп жатса, 349-ы жіберуге дайын.

Жалпы биылғы 15 қазанға дейін еліміздің барлық өңіріне 1,5 мыңдай жасанды тыныс алу аппаратын жеткізу жоспарланып отыр. Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары жасанды тыныс алу аппаратын шығарады. Бұл кәсіпорындар - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары.

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай жасанды тыныс алу аппараттары жетіспеушілігін ескеріп, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді. Ал «Тыныс» АҚ «Көкшетау-4П» жасанды тыныс алу 680 мобильді аппаратын шығарады.

Медицина мамандарының пікірінше, аппарат қолдануға ыңғайлы әрі сенімді және электр қуатына тәуелді емес. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 аппарат шығаруға жетеді.

Одан бөлек, «Тыныс» АҚ жасанды тыныс алу портативті аппараттарын, «Көкшетау 3» медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т. б. заттарды шығарып жатыр.

«Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал жасанды тыныс алу өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды. Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп, жеткізе алады»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар