14:48, 01 Қазан 2019 | GMT +6
Қазақстан Иранмен бірлескен сауда-экономикалық жобаларды жүзеге асырады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Иранмен сауда-экономикалық салада бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иран Президенті Хасан Руханимен кездесуде ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін талқыладық. Сауда-экономикалық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса мән бердік»,-деп жазды Мемлекет басшысы.
Кездесу кезінде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланысты одан әрі арттыру, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақпен ортадағы өзара қарым-қатынасты нығайту қажеттігін атап өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хасан Руханиді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.