«Қазақстан Инжиниринг» басшысының бұрынғы орынбасары айыппұл төлейтін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әскери сотының Қылмыстық істер бойынша сот алқасы ашық сот отырысында «Қазақстан Инжиниринг» басшысының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен өзге де фигуранттарға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталғандар мен олардың қорғаушылары жазған апелляциялық шағымы 2 ақпан күні қаралды және қаулысы «Сот кабинетінде» жарық көрді.

Онда сот алқасының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың Қанат Сұлтанбековке, Гиль Смолински (Smolinski Gil), Мбэрэкрэхим Ғабдул-Кабиров және Мұхтар Қарабековке қатысты 2017 жылғы 29 қарашада шығарылған үкімді өзгерткені айтылған.

«Сұлтанбеков Қанат Таңатарұлы мен Гиль Смолинскиге қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза үкімінің күші жойылсын. Қ.Сұлтанбековке қатысты ҚК 55-бабы, 4-бөлімін қолдану арқылы 366-бабы, 4-бөлімі бойынша пара сомасының екі еселенген көлемінде - 2 139 834 310 теңге көлемінде айыппұл салынсын. ҚК 62-бабы, 6-бөлімі бойынша тағайындалған жазаны 334 310 теңгеге жеңілдетіп, түпкілікті жаза - 2 139 500 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындалсын», - делінген ҚР Әскери сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасының қаулысында.

Сонымен бірге, Израиль азаматы Гиль Смолинскиге апелляциялық инстанция шешімімен бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға ауыстырылды.

«Гиль Смолински ҚК 55-бабы, 4-бөлімін қолдану арқылы 367-бабы, 4-бөлімі бойынша пара сомасының үш еселенген көлемінде - 536 478 165 теңге айыппұл салынсын. ҚК 62-бабы, 6-бөлімі негізінде белгіленген жазаны 478 165 теңгеге жеңілдетіп, түпкілікті жаза - 536 000 000 теңге айыппұл тағайындалсын», - делінген құжатта.

Құжатта хабарланғандай, «Қанат Сұлтанбеков пен Гиль Смолинскиге қатысты қолданылған «қамауға алу» бұлтартпау шарасының күші жойылды және босатылды».

Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Қанат Сұлтанбековке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынған еді.

Соңғы жаңалықтар