Қазақстан инвестициялық климат бойынша ОА елдері ішінде 1-орында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларға жәрдемдесу туралы жаңа бастамасын толық қолдайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астанада өткен «Еуразиялық көзқарас: Сауда және инвестицияларды дамыту мақсатындағы ілгерлеу» жоғары деңгейлі форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инвестициялық климатты жақсарту біз үшін үлкен басымдыққа ие. Соңғы онжылдықта Қазақстан экономикасының түрлі секторына шамамен 250 млрд АҚШ доллары болатын тікелей инвестиция тартылды. 2017 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 21 млрд АҚШ долларын құрады. Оның төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Шикізаттық емес секторға барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 51 проценті арналған. Биыл да оң динамика сақталып келеді. 2018 жылдың алғашқы алты айында ірі инвесторлармен 69 жаңа жобалар бойынша уағдаластық жасалды. Оның арасында АҚШ, Қытай, Түркия, БАӘ, Ұлыбритания, ЕО елдерінің 10 көпұлттық компаниясы бар», - деді Б. Сағынтаев өз сөзінде.

Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда инвестициялық климат бойынша 1-орын алады, Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың 70 проценттен астамы Қазақстанға тиесілі. Инвест климатты жақсарту мақсатында біздің мемлекет реформалар өткізіп, ашық диалогпен қамтамасыз етуде және инвестиция тарту үшін инфрақұрылымдарды жақсартуда.

«Соңғы 4 жылда Қазақстанның салық, кеден және кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау саласында 52 реформа жүргізілді. Яғни, бір жылда орта есеппен 13 реформа болған. Мысал ретінде бизнеске әкімшілік қысымды азайту бойынша реформаны келтіруге болады. 2018 жылдың мамыр айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бизнес климатты жақсарту бойынша мыңнан астам түзетулер, 14 кодекс және 109 заңды қамтитын заңнамалық пакетке қол қойды», - дейді Премьер-Министр.

Қазақстанда бақылау-қадағалау функциялары 30 процентке, рұқсат беру талаптарының саны - 56 процентке азайған. Тексеруші органдардың мыңға жуық штаты қысқартылған. Алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа салықтық және кедендік режимдер енгізілген.

«Салық Кодексіндегі салықтық жүктеме оңтайландырылып, жеңілдіктер жасалды. Жаңа салықтық кодексте процедуралардың әділ өтуі қамтамасыз етілген және тауарды автоматты түрде өткізуге мүмкіндік беретін электронды декларациялау енгізілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімі оңтайландырылды, енді барлық инвесторлар МЖӘ табысты жүзеге асқан жобаларының бірыңғай базасын көре алады», - деп өз сөзін жалғастырды Б. Сағынтаев.

Қазақстанның көші-қон және еңбек заңнамалары да жақсартылып, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі оңтайландырылды. 2016 жылдан бастап, барлық инвесторлар үшін бір терезе принципі жұмыс істейді және Қазақстанның барлық облысында инвесторларға қызмет көрсететін кеңселер ашылған. ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі 20 жылдан астам уақыт бойы инвесторлар мен Үкіметтің диалогтық алаңын ұйымдастырып келеді.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, одақтың басты артықшылығы - көлемі 4 трлн АҚШ долларынан астатын кедендік шекарасыз нарық пен 180 млн астам халық болып отыр. Тиімді географиялық орналасуының арқасында, Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен көршілікте Қазақстан жақын маңдағы 300 млн халқы бар нарыққа шығу үшін қолайлы алаңға айналды», - деді спикер. 

Сонымен бірге, 2016 жылдан бері ЕуразЭҚ елдері арасында еркін сауда аймағы туралы келісім жұмыс істейді. Сондай-ақ Египет, Израиль, Сербия, Сингапур елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. ДСҰ және ЕЭО аясында Қазақстан лицензиялық рәсімдердің ашықтығын және қызмет көрсету секторының талаптарын сақтау міндеттемелерін алған.

"Бүгінде Қазақстан ЖІӨ жартысына жуығы қызмет көрсету саласында қалыптасып келеді. Сонымен бірге, ДСҰ аясында Қазақстан шетелдік инвесторларға көлік-құрылыс, сауда және энергетикалық сынды қызмет көрсетудің негізгі салаларында бірдей қолайлы жағдай жасауға кепілдік берген. Осылайша, Қазақстан инвестицияларға жәрдемдесуде ДСҰ мен ЕуразЭҚ аясындағы  халықаралық талаптарға сәйкес, барлық принциптерді толығымен ұстанып келеді", - деп атап өтті Премьер-Министр.

 Бұл тұрғыда Қазақстан инвестицияға жәрдемдесу мәселелерін көпжақты деңгейде, әсіресе ДСҰ алаңында талқылауды жалғастыруды маңызды деп есептейді.

«Біз ДСҰ мүше мемлекеттерді ДСҰ бейресми диалогына қосылуға шақырамыз. Бұл диалог аясында ұлттық тәжірибе туралы ақпарат алмасуға болады. Бұл бастама заманауи әлем үшін ДСҰ өзектілігін айғақтап, халықаралық сауда мен жаһандық экономиканың өсуіне ықпал етеді деп үміттенеміз», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Соңғы жаңалықтар