Қазақстан инвестиция салуға ең қолайлы елдердің бірі - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей осы аптада шетелдегі қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ көздеріне жарық көрген материалдарға шолуын ұсынады.

* * *

Айдында жүзген аққулар - «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы

Қытайдағы қазақ тілді басылымдардың бір өзгешелігі ақпарат айдынында оқырмандарына фотосуретті хабарларды жиі ұсынып отырады. Осы аптада kazak.ts.cn порталында адамды өзіне бірден баурап әкететін «Айдында жүзген аққулар» атты фоторепортаж жарық көрді.

null

Аталған ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, құс еркесі саналған бұл әсем аққулар Шыңжаң өлкесі Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласы Құлжа ауданындағы көлде жүзіп жүр екен.

null

Фоторепортаж авторының жазуынша, көктемгі жайма-шуақ күн нұрынан ләззаттанған әсем аққулар айдында емін-еркін жүзуде. Олар бірде жағадағы құрақтарды әужал етсе, бірде судағы ақ шабақтарды қуалап ойнайды.

null

Тіпті кейде ақ махаббаттың жылулығын аңғартайық дегендей бір-бірімен тұмсықтарын түйістіріп, жұбын жазбай су бетінде қатар қалқиды.

null

Көктемнің шүлен шұғыласына бөленген тауешкілер - «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы

null

Бұрынғы қоңыр аңының қойдай өрген заманы келмеске кетіп барады. Адамдардың дала тағыларына жасаған зиянының кесірінен олардың қатары күн санап сиреп бара жатқаны белгілі. Алайда қатаң қадағалудың арқасында, кейбір елдерде дала еркелерінің бірер түрі сақталып қалған.

null

Осы аптада Қытайдағы Шыңжаң өлкесі Бұратала облысына қарасты Алатау бөктерінде мемлекеттік 1-ші дәрежелі қорғалатын аңдардың бір түрі тауешкілерінің емін-еркін жайылып жүрген сәтін көрсеткен фоторепортаж жарияланған. Суретші сол сәтті фотоға түсіріп алыпты.
null

Қолөнерді кәсіпке айналдырған қазақ әйелдері - «Ағажай-Алтай» порталы

Қазақ әйелдерінің кесте өнерімен айналысуы ежелден жалғасып келе жатқан қолөнер түрлерінің бірі екені белгілі. Бұрынғы уақыттарда қазақ отбасында қыздар кесте, егде жастағы әйелдер сырмақ тігуді кәдімгі өмір салтына айналдырып келген. Бүгінгідей нарық билеген заманда да қазақ ұлтының желектілері сол аналарынан қалған өнерді аяқсыз қалдырған жоқ деп айтуға болады. Соның бір дәлеліндей ақпарат осы аптада Қытайдағы «Ағажай-Алтай» ақпараттық порталында жарық көрді.
null

Аталған ақпарат көзі жазғандай, Қытайдың Алтай аймағы, Буыршын ауданы Шұңқыр қалашығының ісмер әйелдері өздері бірлесіп шағын кәсіпкерлік орталығын ашқан. Олар өз қолдарымен тіккен кесте өнімдерін сол аудандағы Қытай еліне әйгілі Қом-Қанас көрініс ауданына және Қазақстан мен Қытайдың шекара өткеліндегі базарға апарып сатады екен. Кестеші келіншектер қазақы түс алған ұлттық киімдер мен естелік бұйымдардың базардағы сұранысы жоғары болатынын айтады.

Жайна есімді ұйымдастырушы әйел өз қамын ғана ойламай, алғашында сол қалашықтағы бірнеше ісмер келіншекті жинап, кейіннен бұрын кесте тіге алмайтын қыз-келіншектерге кестешілік курсын ашып, өздерінің ортақ бизнесінің көлемін ұлғайтқан.

«Бұл реткі курс арқылы біз сияқты үйде бос отырған әйелдер өнер үйреніп, өзіміздің қос қолымызға сүйеніп отбасымыздың кірісін арттыруға болатынына көзіміз жетті. Мен осы арқылы алдағы тұрмысымыздың онан ары жақсаратынына сенімім кәміл», - дейді Айнұр есімді курстан тәлім алушы.

Шахрат Нұрышев: Қытай басқа мемлекеттерге есікті ашық ұстауда үлгі болды - «Жэньминь жибао»(People Daily)

null

Қытайдың екі үлкен мәжілісінің (Халықтың саяси кеңесі мен Бүкілқытайлық халық құрылтайы өкілдерінің кезекті жиналысы - авт.) ашылу қарсаңында, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталының тілшісіне сұхбат берді.

Бұл сұхбат осы аптада аталған ақпарат көзінде жарияланған болатын. Қытайлық басылымның қойған сауалдарына берген жауабында бас елші екі елдің саяси және экономикалық саласындағы ауқымды ықпалдастықтарына кең көлемде тоқталған.

Атап айтар болсақ, сұхбатта «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық жөнінде жан-жақты талдау жасалыпты. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жолға қойылуы, әлемдегі экономикалық дағдарыс ықпалындағы елдер үшін дәл уақытында жауған жаңбырдай болып, Қазақстан - Қытай сауда және қаржыландыру ынтымақтастығын бар күшпен алға ілгерілеткенін айтты.

Елші Қазақстан Республикасы «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты арттыруға күш салып отырғанын да атап өтеді.

«Қазір «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жібек жолы экономика белдеуінің» өзара ұштасуы Қазақстан мен Қытайдың көлік тасымалы жүйесіндегі қозғалысты елеулі түрде жоғарылатты. Бізге келіп түскен мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстан территориясын басып өтетін Еуропа - Қытай жүк пойызы таситын тауардың көлемі жыл санап артуда», - деді Ш. Нұрышев.

«Қазақстан өткен ғасырдың 90 жылдарының басында-ақ ұлы «Жібек жолының» гүлденуін қолдаған» , - дейді Шахрат Шәкизатұлы қытайлық басылымға берген сұхбатында. Бас елші еліміздің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жайында сондай-ақ, «Ақылды қала» туралы кең көлемді түсіндіруге тырысқан. Яғни жаңа, озық технологияны халық игілігіне жарату туралы Елбасының көрсеткен бағыттарын атап өтті.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында соңғы технологияны кеңінен енгізу, «ақылды қаланы» құрып, мемлекет экономикасы мен әртүрлі тұрмыс салаларын цифрландыру дәріптеледі. Сол себепті Қытайдың «Жаңа төрт ірі тапқырлықтары» (онлайн ақы төлеу, жылдамдығы жоғары теміржол магистралы құрылысы, электрондық сауда және ортақ пайдаланылатын велосипед) секілді бұл жақтағы үздік тәжірибелер біз үшін аса маңызды саналады. Сондықтан мен екі елдің өзара ақпарат алмасу, жаңа техника саласындағы ықпалдастыққа белсенді жұмыстар жүргізу керек деп ойлаймын», - деді Қазақстан республикасының Қытайдағы өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев.

Ол «Қытай елінің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы атқарған рөліне қалай қарайсыз?» деген сұраққа да жауап берді.

«Былтыр Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының басшылары саммитінде Ұйым мүшелері санының артуы (Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға ресми мүше болды) тарихи маңызды сәт болды. ШЫҰ-ның Мемлекет басшылары кеңесінің саммиті 2018 жылы маусымда Қытай елінің шығысындағы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өтпек. Онда экономика тақырыбынан бастап лаңкестікпен күреске дейінгі көптеген мәселелер талқыланады. Сондай-ақ ШЫҰ мүше мемлекеттерінің басшылар кеңесі саммиті тұңғыш рет «Шанхай, сегіз ел» форматында өткізілмек, бұл әлемнің назарын аударары хақ. Қытай ШЫҰ-ны құрушы елдердің бірі ретінде, ұйым құрылған күннен бастап әрбір елдер арасындағы сенімділікті арттыру мен ынтымақтастық саласын кеңейту барысында аса маңызды сындарлы рөл атқарды. Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымын күшейтуге пайдалы пікірлері мен ойларын ортаға салып келді. Осы орайда мен Қытайдың кезекті төраға міндетін табыспен өткізуін тілеймін», - деп түйіндейді өз ойын Шахрат Нұрышев.

БҰҰ Мьянма мұсылмандарына қарсы геноцидтің қайталану ықтималын ескертті - «Фарс» ақпарат агенттігі

null

Бұндай ақпарат осы аптада ирандық parstoday.com порталында жарияланған болатын. Басылымның бұл жолғы мәліметіне сүйенсек, БҰҰ Бас хатшысының геноцидке қарсы күрес істері бойынша арнайы кеңесшісі Мьянма үкіметінің Рахкайн штатындағы рохинья мұсылмандарына қарсы тағы геноцид жасауды мақсат етіп жатқанына қатысты ескерту жасаған.

БҰҰ Бас хатшысының геноцидке қарсы күрес істері бойынша арнайы кеңесшісі Адама Динг соңғы барлық мәліметтердің Мьянма үкіметінің Рахкайн штатын рохинья мұсылмандарының болмысын жойып жіберуді мақсат етіп отырғанын көрсететіндігіне қатысты ескерту жасады, делінген «Фарс» ақпарат агенттігінде.

«Құлағыммен естіп, көзіммен көрген қиыншылықтардан Мьянма үкіметінің ықпалы байқалады» дейді жақында ғана Бангладештегі рохинья босқындарының қосындарын көріп қайтқан Динг. Айта кету керек, Рохинья мұсылмандарына қарсы қатыгездіктер Мьянмада 2017 жылдың тамыз айының соңында басталды.

Фырат Девелиоғлу: «Қазақстан инвестиция салуға ең қолайлы елдердің бірі» - TRT

Бұл туралы осы аптада Түрік-Қазақ іскерлер одағы Атқару комитетінің төрағасы Фырат Девелиоғлу TRT тілшісіне мәлімдеген екен.

null

Келтірілген мәліметке қарағанда, түрік іскерлерінің Қазақстандағы инвестициялары 3,6 миллиард долларға жетіпті. Осы тақырыпқа байланысты TRT тілшісіне берген сұхбатында Түрік-Қазақ іскерлер одағы Атқару комитеті төрағасы Фырат Девелиоғлу Қазақстанның түрік іскерлер үшін тартымды ел екенін, инвестиция үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтты.

Аталған ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жұмыс істейтін түрік кәсіпкерлерін бір шаңырақ астына жинаған жалғыз өкілетті орган болып саналатын Түрік-Қазақ іскерлер одағы TÜKİB былтыр 15 шілдеде құрылған. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2017 жылдың 9 қыркүйек күнгі Астана сапары барысында жарияланған TÜKİB қысқа уақытта құрылымын аяқтап, Қазақстанда жұмыс істейтін түрік іскерлеріне өкілдік жасайтын жалғыз өкілетті орган болған.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық миссиясын лайықты түрде атқарып, жүзеге асыруға тырысудамыз. Өткен жылға дейін екі миллиард доллар болған сауда айналымы қазір 3,6 миллиард долларға көтердік», - дейді одақтың Атқару комитеті төрағасы Девелиоғлу.

Аталмыш одақтың төрағасы Қазақстан инвестиция салуға болатын ең тиімді ел екенін айтады.

«Қазақстан - түрік бизнесі үшін шыныменен тартымды ел. Түрік іскерлері Қазақстанға келсін. Осында инвестиция үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан инвестиция салуға болатын ең жақсы елдердің бірі. Біз де қажетті көмекті береміз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар