Қазақстан импорт тауарларын азайту үшін жеке шикізаттық базаны дамытады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет бекіткен жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс материалдарын дамытудың Жол картасының мақсаты мен міндеттерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен - шикізатпен қамтамасыз ету керек. Аталмыш мәселені шешу үшін жеке шикізаттық базаны дамыту бойынша шаралар қарастырылған. Жоғары түсімді өнімді өндіруде оның маңызы зор. Жеңіл өнеркәсіпте бұл бағытта мақта-талшықты, теріні қайта өңдеуге, жасанды және синтетикалық материалдар өндірісін жетілдіруге мән беріледі. Құрылыс материалдарына қатысты елдің шикізаттық әлеуетіне талдау жүргізіледі», - дейді Роман Скляр.

Министрдің айтуына қарағанда, ішкі нарықты қорғау үшін кедендік әкімшілік пен техникалық реттеу құралдары жетілдірілмек.

«Сапасыз өнімдерге бақылау күшейтіліп, қауіпсіз емес деп танылған өнімдерді жою, тәркілеу ережелері жетілдіріледі. Сонымен бірге, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған ұлттық стандарттар әзірленді. Ұлттық стандарттарды кең ауқымда қолдану нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Ішкі нарықта отандық өнімдердің үлесін арттырып, халыққа ол тауарлардың қолжетімділігін арттыру үшін отандық тауарлардың сауда желілерінде ұсынылуын күшейту шаралары қолға алынады.

«Отандық өнімдердің өтімділігін арттырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар толыққанды жұмыс істеуі үшін жыл сайын жергілікті (қазақстандық) қамту үлесін 20 пайыздық пунктке көтеру көзделген. Жалған тауар өндірушілерге жол бермеу мақсатында тасымалдаушы өзінің өндірістік қуатын Индустриялық сертификатпен растауы керек», - дейді Роман Скляр.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халыққа керекті қарапайым тауарларды өндіру үшін 600 млрд теңге бөлінгелі отыр. Роман Скляр бұған дейін осы мақсатта бөлінетін субсидия шарттарын атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар