Қазақстан халықаралық көміртегі нарығына шықпақ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан төмен көміртекті дамыту жоспарын іске асыру бойынша бірқатар заңнама қабылдады.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Олжас Ағабеков мәлім етті.

2021 жылы ҚР Экологиялық кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Кодексте парниктік газ шығарындыларын мемлекеттік реттеуді жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның көміртегі бюджетін 1,5%-ға қысқартудың жыл сайынғы есебі көрсетілген.

Ғасыр аяғында аймақтағы температура, департамент директоры атап өткендей, 4-6 градусқа көтерілуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауы бойынша, климаттың өзгеруі нөсер жауын-шашынға, жиі құрғақшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығының шығымдылығына және су ресурстарының қолжетімділігіне кері әсер етеді. Жердің тозуы, шөлейттену, су тасқыны және жер бетіндегі су ағындарының болжамды төмендеуі, әлемнің басқа өңірлеріне қарағанда температураның тез өсуі салдарынан болатын мұздықтар алаңдарының қысқаруы климаттың өзгеруіне бейімделу және салдарын жұмсарту мәселелері бойынша шұғыл іс-қимылды талап етеді.

«Экология министрлігі заңнамалық деңгейде климаттың өзгеруіне бейімделу процесін енгізді. Іске асыру процесі су, ауыл және орман шаруашылығындағы, сондай-ақ азаматтық қорғаудағы осал жерлерді толық бағалау жүргізуден басталады. Осы бағалау нәтижелерінің негізінде ұлттық және жергілікті деңгейде салалық мемлекеттік бағдарламаларда климаттық тәуекелдерді ескеру және климаттың өзгеруіне бейімделудің қажетті шараларын әзірлеу мүмкіндігі пайда болады», – деді Олжас Ағабеков.

Сондай-ақ департамент директоры климаттың өзгеруінің басты себебі атмосфералық ауадағы парниктік газ концентрациясының жаһандық артуы болып табылатынын және бұл өз кезегінде жаһандық жылынуға әкелетінін жеткізді. Нәтижесінде жер бетіндегі жылыну процесі бұрынғыдан да тез жүреді.

«Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі халықаралық шарттардың жақтаушысы. 2016 жылы климат жөніндегі Париж келісімін ратификациялай отырып, ел парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай 15%-ға қысқартуға ерікті міндеттеме қабылдады. Сонымен қатар 2020 жылғы 12 желтоқсандағы климаттық амбициялар саммитінде, Париж келісіміне қол қойылуының мерейтойында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу ниеті туралы мәлімдеді. Қазақстан экономикасының энергия сыйымды екенін ескерсек, бұл біздің еліміз үшін маңызды қадам», – дейді ол.

Оның айтуынша, көрсетілген мерзімде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін 2060 жылға дейін Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын пысықтау жұмыстары аяқталады.

Ол экономиканы терең декарбонизациялаудың бағдары болады және 2060 жылға қарай таза-нөлдік шығарындыларға қол жеткізу бойынша одан арғы іс-қимылдар үшін негіз болады.

Құжат төмен көміртекті дамуға көшуден елдің экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарын көрсетуге бағытталған.

Одан басқа, Олжас Ағабековтің сөзінше, өткен жылы қарашада Глазго қаласында климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының 26-шы конференциясының қорытындысы бойынша қабылданған Глазго Климаттық пактісі Париж келісімінің тараптарын 2022 жылдың соңына қарай өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін қайта қарауға шақырады.

Биыл ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарды өзектендіру жоспарлануда. Ол үшін парниктік газ шығарындыларын азайтудың секторалдық және кросс-секторлық шараларын қамтитын 2022-2025 жылдарға арналған шаралардың жол картасы әзірленеді.

Сондай-ақ, жол картасы экономиканың осал секторлары мен халықтың климаттың өзгеруінің байқалатын және күтілетін салдарларына тұрақтылығын арттыру үшін климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін қамтиды.

«Жалпы, мониторинг, есептілік және верификация жүйесін жақсарту көзделіп отыр. Қазақстанның көміртегі нарығын кеңейту үшін Еурокомиссиямен және дүниежүзілік банкпен бірлесіп шығарындылар саудасының еуропалық жүйесімен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстың нәтижелері халықаралық көміртегі нарықтарына шығуды қамтамасыз етеді», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар