Қазақстан халықаралық кеден стандарттарын жетілдіру жұмысына қатыспақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халықаралық кеден стандарттарын жетілдіру жұмысына қатысуға ниетті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан «АСИКУДА» БҰҰ ЮНКТАД тұғырнамасы негізінде құрылған «Астана-1» ақпараттық жүйесіне тауарларды электрондық декларациялауды енгізді», - деді ол Еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы барысында.

Сонымен қатар ол биылғы жылдың сәуірінде Қазақстанда «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бір терезе» ақпараттық жүйесі енгізілгенін айтты. Аталған жүйе «бірыңғай терезе» бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының стандарттары мен компендиумдары негізінде әзірленген.

«Қазіргі уақытта сыртқы экономикалық қызмет пен еркін экономикалық аймаққа қатысушылар аталған жүйе арқылы барлық рұқсат құжаттарын алады. Ол 13 ақпараттық ресурсты біріктіреді және Қазақстанның 11 мемлекеттік ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Ө.Бейіспеков ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Дүниежүзілік кеден ұйымы мен халықаралық кеден қоғамдастығының еркін аймақтарды әкімшілеу саласындағы халықаралық кеден стандарттарын әзірлеу мен одан ары жетілдіруге бағытталған шараларына кез келген көмек көрсетуге дайын екендігін айтты.

Соңғы жаңалықтар