Қазақстан халықаралық қатынастардың ғаламдық архитектурасын нығайтуға мүдделі - СІМ

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков ағымдағы жылдың 10-12 шілде аралығында Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ұлттар Сарайында өтіп жатқан БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі (ЭКОСОС) жыл сайынғы Субстантивті сессиясының жұмысына қатысуда. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақстандық делегация басшысы 10 шілдеде ЭКОСОС сессиясының Оперативті қызметтер сегменті шеңберінде БҰҰ елдік бағдарламаларына қатысты стратегиялардың орындалу барысына шолу жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы резолюциясының жүзеге асырылуына арналған панельдік талқылауда баяндама жасады. Баяндамасында А.Волков еліміздің БҰҰ жүйесінің мекемелерімен ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы айта келе, тұрақты даму аясында аталған ұйыммен бірлесіп атқарылып жатқан бағдарламалар жайлы жеткізді. Қазіргі тұста Қазақстанда БҰҰ-ның 17 мекемесі мен құрылымдарының тіркелуі екіжақты ықпалдасудың жоғары деңгейінің айғағы болып табылады.

Солтүстік пен Оңтүстік, Еуропа мен Азия арасындағы географиялық және саяси көпір бола отырып, Қазақстан халықаралық бастамаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге нағыз қолайлы ел болып табылады.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қоршаған орта, еңбек миграциясы, есірткінің заңсыз айналымы және 2014 жылдан кейінгі Ауғанстаннан туындауы мүмкін діни экстремизм мен терроризм қаупі секілді ортақ мәселелерді шешуде көрші елдермен ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігі туралы мәлімдеді. Қазақстанның ұстанымы бойынша, стратегиялық және субстантивті шешімдердің бірі ретінде Алматы қаласында аймақтық даму, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету платформасы бола алатын БҰҰ аймақтық орталығын құруға барлық мүмкіндік бар.

Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің халықаралық қатынастардың ғаламдық архитектурасын нығайтуға мүдделі екендігін атап өтті. Осы орайда әлемдік және аймақтық деңгейдегі оқиғалар мен құбылыстарды сараптаудың қажеттілігі туындағанын мәлімдеді. Осы ретте, мүше-мемлекеттер арасындағы халықаралық күн тәртібіндегі барлық сұрақтар бойынша сенімді нығайту мен тең құқықты диалогты дамытуда БҰҰ мекемелері маңызды рөл атқарады.

Қазақстан өкілінің баяндамасы БҰҰ даму Бағдарламасы Бас директоры Хелен Кларк, Қытай, Жаңа Зеландия, Қырғызстан және шараға қатысушы басқа ел делегация өкілдерінің қызығушылығын тудырып, қолдауын тапты.

ЭКОСОС Субстантивті сессиясының жұмысы 26 шілдеге дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар