Қазақстан халықаралық қаржы мекемелерімен ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі - Е.Досаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тиімді стратегиялық басымдықтарды еңсеру үшін Қазақстан халықаралық қаржы мекемелерімен ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. Бүгін елордада өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумының аясындағы «ХХІ ғасырдағы Азия өңірінде өнеркәсіп кешені мен қызмет көрсету секторын әртараптандыру саясаты» атты сессиясында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің сөзінше, халықаралық қаржы мекемелерімен ынтымақтастық бағытында ел экономикасын әртараптандыруды жақсарта түсу мен бәсекелестікті арттыруға, шикізаттық емес секторға инвестициялар тартуға ерекше екпін беріледі. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті, адам капиталын дамыту басты назарда болады. Бұл ретте министр Қазақстан мен Дүниежүзілік банк және Азия Даму Банкі арасындағы келісімшарттар елімізге барынша орнықты өсімді қамтуға жағдай жасайтынын атап өтті.

«Жалпы, отандық экономиканы әртараптандыру үшін құрылымдық реформалар жүргізу жоспарланады. Қазақстанның өнеркәсіптік және инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осының барлығы алдағы мақсаттарға қол жеткізуге қызмет етпек. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік саясаттың тиімділігі негізінен экономиканың басым секторын дамытудағы үкімет пен бизнестің күш біріктірулеріне байланысты болмақ. Сондай-ақ олардың өзара әрекеттестігі үшін тиімді даму тетіктері де маңызға ие. Сол тұрғыдан алғанда, зерттеулер мен ұсынымдар Қазақстан үшін ғана емес, басқа да мемлекеттер үшін пайдалы», - деп атап өтті министр.

Соңғы жаңалықтар