«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү. Шаяхметова: Мен ақшамды долларда сақтаймын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма құрамы баспасөз конференциясын өткізді. Банк басқармасы төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, қазіргі таңда доллар депозиттерінің көлемі артуда.

«Капиталдың доллар депозиттеріне қарай ағыны байқалады. Доллар депозиттерінің ставкалары 1,4 пайыз болса да. Ал банктер керісінше қазір теңгенің өтімділігін арттыру үшін 10 пайызға дейін сыйақы қойды. Сонда да халықтың сенімі азайып барады. Мәселен, «Халық банкінде» жыл басында заңды тұлғалардың долларлық депозиттері 44 пайыз болса, қазір керісінше доллардағы депозиттер 56 пайызды құрады. Ал жеке тұлғалардың 70 пайызы қазір ақшасын долларда сақтауды жөн санайды», - деді Үміт Шаяхметова.

Оның айтуынша, бұдан ары капитал ағыны қарқынды болмайды. Өйткені, заңды тұлғалардың өмір сүруіне, жалақы төлеуіне теңге қажет.

Банк басшысы өзінің салымын долларда сақтайтынын жеткізді.

«Биылғы девальвация кезінде мен үлкен сомамды жоғалтып алдым. Содан бері ақшамды долларда сақтап келемін», - деді Ү.Шаяхметова.

Ресей рублінің бірден құлдилауына қарай Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ресей валютасына деген сұраныс артып кеткендігі белгілі.

Оның айтуынша, бұл жағдай отандық тауар өндірушілердің экономикалық ахуалына кері әсер етеді.

«Өкінішке орай, қазір осындай жағдай қалыптасты. Шекара ашық. Адамдар халық тұтынатын тауарлардан бастап, автокөлікке дейін алып келіп жатыр. Әсіресе, отандық автоөндіріске бұл тенденция жағымсыз әсер етіп жатыр. Оны біз несие портфелінен көріп отырмыз», - деді ол.

Банк басшысы сондай-ақ, «Қазақстан Халық Банкі » АҚ 2014 жылғы 9 ай ішінде жарты миллиард доллардан асатын аса жоғары шоғырландырылған таза кіріске қол жеткізгенін, бұл Банк және Қазақстандағы банк секторының бүкіл тарихы бойынша ең жоғары нәтиже екендігін атап өтті. 2013 жылғы 31 желтоқсанға қарағанда Банк активтері 13,5%-ға өскен. Жұмыс істемейтін қарыздар 2014 жылғы 30 маусымдағы 15,4%-ға қарағанда 2014 жылғы 30 қыркүйекте 14,1%-ға төмендеді.

Соңғы жаңалықтар