Қазақстан халқының спортпен шұғылдану белсенділігі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде спортпен жүйелі түрде айналысып жүргендердің саны жалпы халық санының 30,6 пайызын құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы айтқандай, бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау ұлтты қалыптастыра аламыз. Көпшілік халық спортпен айналысқан кезде ғана жоғары спорттың сапасын да жақсартуға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысып жүргендердің саны жалпы халық санының 30,6 пайызын құрап, 2014 жылмен салыстырғанда бар-жоғы бес пайызға өсті. Жалпы алғанда, бұл салада оң қарқын бар. Бірақ халқының 60 пайызға жуығы спортпен айналысатын АҚШ, Жапония, Канада сияқты елдермен және Еуропа елдерімен, халқының 55 пайызының спортпен шұғылданатын Ресеймен салыстырсақ, біздің көрсеткішіміз төмен деңгейде», - деді Гүлмира Исимбаева Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, мектеп жасындағы балалардың бар болғаны 59 пайызға жуығы дене шынықтырумен айналысса, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 31 пайызы ғана дене шынықтырумен және спортпен айналысады екен.

Бұдан бөлек Г. Исимбаева ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымының әлсіз дамуы, сондай-ақ спорт құралдарымен әрі жабдығымен жарақтандырудың жеткіліксіз болуы мәселесін атап өтті.

«Бюджет қаражатын бөлу кезінде де бұқаралық спорттың дамуына қаражаттың мардымсыз бөлінуі алаңдатады», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар